Курьер болып жұмыс істеген ер адам белсіздікке шалдығуы мүмкін - уролог

Соңғы бірнеше жылда Алматының көшелерінен иықтарына үлкен сөмке асынған курьер ер адамдарды көп көреміз. Жеткізуші болып жұмысқа орналасу талабы оңай, жалақысы көңіл қуантарлық. Дегенмен бәрі сіз ойлағандай керемет емес. Себебі мұндай жұмыс ер адамның денсаулығына, дәлірек айтқанда ұрпақ жалғастыруына зиян тигізуі мүмкін. Бұл туралы "Данамед и К" медицина орталығының дәрігері, уролог, медицина ғылымдарының докторы Медет Балтабеков Massaget.kz тілшісіне толығырақ айтып берді.

Дәрігердің айтуынша, жігіттер жеңіл киініп, мопедті жоғары жылдамдықта айдаған кезде азға мүшелеріне суық тиеді. Мысалы, суық бүйрек, қуық және басқа да ағзаларға өтуі мүмкін. Ал ең сорақысы ол белсіздік.

"Күзгі суықта курьер болып жұмыс істегеннен простатитке, яғни - қуық асты безінің қабынуына әкелуі мүмкін. Оның әсерінен сөл бөлу қабілеті азайып, төмендейді. Простата безінің негізгі қызметі ол аталық безі шығаратын ұрықтың жылжуына, қоректенуіне әсер етe. Ол аз бөлінсе, соңы белсіздікке ұшыратады.

Суық бүйрекке, қуыққа, басқа да ағзаларға әсер етеді. Егер бүйрекке, қуыққа суық тиіп, ол қабынатын болса, онда инфекция пайда болады. Ол зәр жолдары арқылы простата безіне барып, оны қабындырып простатит дамытуы мүмкін.

Ағзадағы кез келген мүше, соның ішінде простата безі асқазан-ішек жолдарына, бауыр, бүйрек, ұйқы безінің жұмысымен байланысып қызмет атқарады. Мысалы асқазан-ішек жолы қабынып дұрыс жұмыс істемесе, қоректі заттар дұрыс тасымалданбай, аталық бездер қорек алмай, шәуеттің түзілуі нашарлайды немесе гормон дұрыс бөлінбейді. Кез келген мүшенің қабынуы ағзаның иммундық жүйесін әлсіретеді. Осының бәрі еркектік қабілеттің төмендеуіне алып келеді. Соңында ер адам белсіздік не басқа да ауруға шалдығады",  - дейді Медет Балтабеков.

Сонымен қатар, 10-14 сағат бойы велосипед не мопедпен қалада жүрген адам, кеңсе немесе үйде отырғандарға қарағанда бірнеше есе көп зиянды шығарындыларды тұтынады. Қалада велосипедпен жүру, жүгіру кезінде бронхтар кеңейеді, адам зиянды суспензияның ұсақ бөлшектерін деммен жұтады. Велосипед немесе мопедпен жүргенде өкпенің сыйымдылығы артады, өйткені өкпе белсенділік кезде тыныштыққа қарағанда 10 есе көп ауаны қайта өңдейді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Құлаққаппен музыка тыңдау зиян ба?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!