"Соңғы шешімді ұшақтың есігі жабылар сәтте қабылдадық". Израильден келген эвакуациялық рейстің Бас ұшқышы тың дерек айтты

"Соңғы шешімді ұшақтың есігі жабылар сәтте қабылдадық". Израильден келген эвакуациялық рейстің Бас ұшқышы тың дерек айтты
Фото: Massaget.kz./Болат Айтмолда.

Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыс кезінде 2 күнде 18 елдің азаматы қаза тапқан болатын. Әскери операцияның қатты болғаны соншалық - Израиль мемлекеті соңғы 50 жылда алғаш рет "алеф 40" пунктін іске қосты. Кескілескен айқастың арасынан отандастарымызды аман алып шыққан "Эйр Астананың" бас ұшқышы Олег Колесниковтан Massaget.kz тілшісі эксклюзив сұхбат алды. 

Аэропортқа келген күтіп алушылардың арасында 4 күннен бері хат-хабар ала алмаған жақындарын тосып тұрған отандастарымызды кезіктірдік. Олардың қатарында 3 баласымен Израильдің Рамла қаласында 5 жарым жылдан бері жұмыс істеген анасын күтіп тұрған Данияр да бар.   

Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

"Ақтаудан Қазақстанға қонғандығы жайлы хабар берген. Сол кезде ғана жүрегіміз орнына түсті. Соғыс жағдайы өте күрделеніп кеткенін айтты. Бункерде отырып хат алмасып отырды", - дейді ол.   

Отандастарымыздың барлығының аман-есен келуіне елеулі үлес қосқан "Эйр Астананың" бас ұшқышы Олег Колесников те ішкі толқынысын бөлісті. 

Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда. Бас ұшқыш - Олег Колесников.

"Ұшқыштар мен бортсеріктер жоғары азаматтық ұстаным танытты"

"Барлығы штаттық режимде жүргізілді. Мен барлық жолаушы риза деп ойлаймын. Біздің елшілік тарапынан ұйымдастыру өте жоғары деңгейде болды. Air Astana әуе компаниясының ұшу қызметі мен инженерлік құрамы жақсы жұмыс атқарды. Соңғы шешімді ұшақтың есігі жабылар сәтте қабылдадық. Рейстің кейінге шегерілуі де мүмкін еді. Ұшқыштар мен бортсеріктер жоғары азаматтық ұстаным танытты. Қауіпті аймаққа өз еркімен ұшып барып, қауіпті операцияны жүзеге атқардық", - дейді Air Astana бас ұшқышы Олег Колесников. 

Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда. Күтіп алушылардың қуанышты сәті.

"Бізді де алып кетіңіздерші деген үлкен үміті болды"

Ал Семей қаласынан Болашақ бағдарламасымен Израиль мемлекеті, Хайфа қаласына барған Үміт Желдібаева тіпті шетел азаматтарының да Қазақстанға баратын ұшаққа мінгісі келгенін айтты. 

"Бізге әуежайдың, жедел-жәрдем көліктерінің, полиция қызметкерлерінің қатты дабылдары үрей тудырды. Хайфа қаласына ракета келмейді, ұшпайды деп айтты. Қалдырғысы келді. 2-3 күндік толқудан кейін тағылымдамамның бітуіне 3 апта қалғанда қайтуға тура келді. Төбеден ұшатын зымырандардың дауысынан үрейленбеу мүмкін емес. Кейбір Қазақстан азаматтары жарақаттарына байланысты келе алмай қалды. Қазір ауруханалардың бомпапанасында емделіп жатыр. Елшілік WhatsAPP группа ашқан кезде өзге шетелдік азаматтарда "Бізді де алып кетіңіздерші" деген үлкен үміті болды", - дейді Үміт Желдібаева. 

Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда. "Болашақ" бағдарламасымен Израилде білім алған Қазақстан азаматтары. 

Ал "Air Astana" компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Адель Дәулетбек елге оралғандардың арасында 2 жасқа толмаған 2 бала болғанын айтты. 

Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда. "Air Astana" компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті - Адель Дәулетбек

"Қысқа ғана уақытта "Air Astana" әуе компаниясы Тель-Авивтен тікелей Алматыға эвокуациялық рейс ұйымдастырды. Тек ұшаққа жанармай құю үшін Ақтау қаласына қонуға тура келді. 166 адамды аман-есен алып келдік. Ұшып келгендердің арасында 2 жасқа толмаған 2 бала бар. Қазіргі таңда Тель-Авив аэропортында ешкім қалған жоқ. 7 қыркүйектен бастап біз Израильге баратын барлық рейсті тоқтаттық. Барлық отандасымыздың елге оралғанына қуаныштымыз", - дейді Адель Дәулетбек.

Айта кетейік, бұған дейін Израильдегі қазақстандық "Бомбапанаға жету үшін 60 секундымыз бар" деп, сол елдегі жағдай туралы айтып берген еді. 

Еске салайық, қақтығыс басталғаннан кейін Сыртқы істер министрлігі өкілдері Израильдегі қазақстандықтар үшін шұғыл байланыс желісі іске қосылғанын мәлімдегені хабарланған еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Зинешов