Қан қысымының төмен болуының себебі неде?

Қан қысымының төмен болуының себебі неде?
Фото: ru.freepik.com

Бастың ауыра беруі, созылмалы шаршаңқылық, жалпы әлсіздік – бұлардың барлығы төмен артериялық қысымның белгілері болуы мүмкін. Әдетте, адамдар ағзаның кей белгілеріне аса мән бермей, оларды өзінің шаршап жүргенінен, ұйқысы қанбағанынан және басқа да нәрселерден көреді. Алайда төмен қан қысымы – өз ағзаңыздың жұмысына мән беруге себеп. Оның салдары қауіпті ауруларға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан оның себептерін анықтап, олардан арылуға тырысу керек.

Жүйкенің шаршауы

Төмен қан қысымының кең тараған себебі қарапайым күйзеліс болуы мүмкін. Созылмалы күйзелістен арылу үшін режиміңізді қалыпқа келтіріп көріңіз. Жұмыстан үзіліс алып, демалуды ұмытпаңыз, отбасыңызбен уақыт өткізіңіз, серуендеңіз және өзіңізге ұнайтын іске уақыт табуға тырысыңыз.

Дұрыс тамақтанбау

Дұрыс тамақтану – ағзадағы барлық органдардың қалыпты қызмет етуінің кепілі. Соның ішінде толыққанды рацион артериялық қысымның да реттелуіне ықпал етеді. Бірінші кезекте, тойымды, қоректі таңғы ас ішуді қолға алыңыз. Тәттілер, консервілер және фастфуд секілді "зиянды" тамақтармен әуестену қысымға әсер етеді. Темір мен мырышқа бай өнімдер жеңіз. Олар қысыммен тікелей байланысты қан тамырлар жұмысын қалыпқа келтіруге көмектеседі.

Е, С, В дәрумендерінің жетіспеуі

Дәрумендер жетіспеушілігін болдырмау үшін мәзірге аса мән беру керек. Мысалы, Е дәрумені жаңғақтарда, С дәрумені болгар бұрышы, қырыққабат және жидектерде, ал В дәрумені субөнімдерде болады.

Жалпы иммунитеттің төмендеуі және инфекциялық аурулар

Күзде ауа райына сай киініңіз және табиғи материалдардан тігілген киімдер алуға тырысыңыз: олар суық өткізбейді. Сондай-ақ таза ауада жиі серуендеңіз және емдік шөптер қосылған ванна қабылдаңыз.

Ауа райына тәуелділік

Ауа райына тәуелді адамдар түрлі созылмалы аурулармен қиналады. Олардың басы, буындары ауыруы және көңіл күйінің құбылмалы болуы мүмкін. Бұл жағдай қан қысымына да әсер беруі мүмкін. Бұл жағымсыз белгілерді жеңілдету үшін қарама-қарсы душқа түсіңіз және көбірек демалыңыз.

Кей дәрілердің әсері

Мысалы, жүрекке арналған дәрілер, антибиотиктер, ауырсынуды басатын дәрілер және тыныштандыратын дәрілердің әсерінен қын қысымы төмендеп кетуі мүмкін.

Жүрек-қан тамырлар ауруларының белгісі

Төмен қан қысымы кейде жүрек жеткіліксіздігінің және басқа да жүрек ауруларының белгісі болуы мүмкін. Бұл бұзылыстар ЭКГ-дан көрінеді.

Сондай-ақ, сау адамдардың қысымы қан тамырларды кеңейтетін процедуралардан, мысалы, моншаға түскеннен кейін немесе оранудан соң қан қысымы бірден түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан моншадағы булы бөлмеде 5-7 минуттан артық отырмаңыз және моншаға дейін де, кейін де спиртті сусын ішпеңіз.

Асқазан жарасы асқынып кеткенде, пакреатит кезінде қан қысымы кенеттен төмендеп кетуі мүмкін. Бұл кезде асқазан тұсы ауырады, суық тер шығады және әлсіздік пайда болады. Төмен қан қысымының бұл белгілері асқазаныңызды емдеген соң кетеді.

Төмен қан қысымы кезінде әдетте, жалпы әлсіздік, бас ауыруы және жүрек айнуы болады. Егер емделмей және ешқандай шара қолданбай жүре берсеңіз, хал-жағдайыңыз одан сайын нашарлай беруі мүмкін. Мысалы, күтпеген жерден басыңыз айналып, құлап қалуыңыз мүмкін. Егер оны асқындырып алсаңыз, ол өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан өзіңізден қандай да бір жағымсыз белгілерді байқаған кезде дәрігерге көрініп, себебін анықтап, қажет ем қабылдаған жөн.

Оқи отырыңыз: Тамақ ауруының тұмаудан басқа 5 себебі

А. Жапатова