"Күндіз ұрысып, түнде төсекке сүйрейді". Психолог әйелді секске 24 сағат бұрын дайындау керегін айтты

Отбасылық психолог Ержан Мырзабев Dope soz подкасында қазақ қоғамына жыныстық қарым-қатынас бойынша сауат жетіспейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Подкаст жүргізушісі студия қонағы Ержан Мырзабевтан "Қазіргі, ХХІ ғасырда секс қолжетімді. Сол себепті ажырасу оңай деп жатады. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты рас?" деп сұрады.

"Қатты келісе алмаймын. Жыныстық қарым-қатынас әрдайым қолжетімді болған. Ең қатаң Кеңес үкіметі кезінде де қолжетімді болған. Орта ғасырда да, баяғы заманда да қолжетімді болған. (...) Жыныстық қарым-қатынас әрдайым қолжетімді болған. Бірақ жыныстық қарым-қатынастың отбасы тұтастығына, ерлі-зайыпты қарым-қатынастағы маңызды бір рөлі бар ма? Бар және сол бағытта бізге сауат жетпейді. Жыныстық сауат, жыныстық қарым-қатынас сауаты жетіспейді. Мұның қалай болуы керек екенін білмеймін. Күндіз әйелімен ұрысады, түн болса, "Кеттік, бірге жатайық" дейді. Әйелі "Жоқ, мен сенімен жатқым келмейді, саған ренжіп жатырмын" десе, "Жындысың ба, қалай ренжисің? Бірге болайық" деп, әйелдің психологиясын түсінбейді", - дейді ол.

Ол әйелді жыныстық қарым-қатынасқа 24 сағат бұрын дайындау керек екенін айтты.

"Жыныстық қарым-қатынаста кіріспе деген бөлім бар. Сүйесің, құшақтайсың, аймалайсың. Көбі бұған тіпті 5 минут та уақыт бөлмейді. 10-15 минут, жарты сағат бөлгендер мұны міндетсінеді. Ал негізінде кіріспе 24 сағат бұрын болуы керек. Мәселе тек физикалық тұрғыдан адамға тиісу, қоздыру емес - сана. Бізде ең сексуал орган ми деп айтылады. Егер миыңда жыныстық серіктесіңе, күйеуіңе немесе әйел қарсы негатив ой болса, мидан төменге қарай команда бармайды. Өзіңді еркін ұстай алмайсың. Ашуланасың, жынданасың деген сияқты. Ми тыныш болуы керек. Ал бұл ми тыныштығы 24 сағат қамтылуы керек. Әйеліңнің көңіл-күйіне қарайсың, жағымсыз сөз айтпайсың, жақсы қарым-қатынаста боласың", -  деді ол. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!