Павлодар облысында ағайынды екі бала суға батып кетті

Павлодар облысында ағайынды екі бала суға батып кетті
Фото: Tengrinews.kz

Павлодар облысы Успен ауданында ағайынды екі бала суға батып кетті. Олардың денелері жасанды су қоймасынан табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, 5 қазанда сағат 22:00-де Галицкое ауылының учаскелік инспекторына әйел адам жеті және сегіз жасар балаларын табуға көмек сұрап жүгінген. Ол жұмыстан оралғанда үйінде екі баласы болмаған. 

"Іздеу іс-шаралары барысында түнгі сағат 23:00-де ауылдан 500 метр қашықтықта, ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға арналған жасанды су айдынында зорлық-зомбылықтың белгілері жоқ балалардың денелері табылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша шешім қабылданады", - деп хабарлады департамент.

Полиция суару жүйесіне арналған гидротехникалық құрылыста қоршаулар мен жарық болмағанын анықтады. Сондай-ақ аталған аумақ адамдардың өміріне қауіп төндіріп, тыйым салатын белгілердің жеткілікті саны жоқ екендігі белгілі болды. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі және 254-бабы бойынша тергеу басталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан