21 жасқа дейінгілерге энергетикалық сусын сатылмауы мүмкін: министрлік мән-жайды түсіндірді

Биыл 26 қыркүйекте денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 21 жасқа дейінгі азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан болатын. Massaget.kz тілшісі министрлік өкілдерінен бұл өзгеріске қатысты мән-жайды сұрады.

Министрлік өкілдері Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жіберген жауабында Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің 17,5 пайызы күн сайын энергетикалық сусындарды тұтынатынын атап өтті.

"Бұл мәліметтер ДДҰ-ның 2022 жылғы "Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы" (HBSC) зерттеуінің нәтижелері бойынша анықталды. 2017 жылдан бастап Қазақстанда оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлардың Ұлттық мониторингі жүзеге асырылады, ол 4 жылда бір рет өткізіледі және әлеуметтік индикаторлар, өмір салты, қауіпті мінез-құлық, балалар мен жасөспірімдердің психикалық, физикалық денсаулығының көрсеткіштері бойынша ұлттық зерттеулер жүргізумен қатар жүреді. Бұдан басқа 2018, 2022 жылдары жүргізілген жоғарыда аталған зерттеулердің қорытындысы бойынша 11, 13 және 15 жастағы балалар мен жасөспірімдердің осындай сусындарды тұтыну заңдылығы белгіленген", - делінген жауапта.

Энергетиктерді шамадан тыс пайдалану жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы, қан қысымының жоғарылауы, ұйқының бұзылуы, гипергликемия түріндегі денсаулықтың бұзылуын тудырады, бұл ең алдымен қант диабетімен және басқа метаболикалық бұзылулармен ауыратындар үшін қауіпті болуы мүмкін.

"Данияда, Түркияда, Норвегияда, Уругвайда, Исландияда, сондай-ақ АҚШ-тың кейбір штаттарында, соның ішінде Вашингтон, Юта, Оклахома және Мичиганда энергетикалық сусындарға тыйым салынады. Швецияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ресейде кәмелетке толмағандарға сатуға шектеулер заңды түрде енгізілді", - делінген жауапта. 

Шектеуге неліктен 21 жас таңдалды?

"Жеке ми құрылымдарының жетілу процесіндетаңдауға, шешім қабылдауға және логикалық ойлауға жауапты беретін ми бөлігінің дамуын аяқтау - 25 жас (Gogtay, Giedd, et al. (2004) Proc. Natl. Acad. Sci. USA 101, 8174-8179). Нашақорлықты, алкогольді, есірткіні, психоактивті және басқа да зиян заттарды тату, сондай-ақ ойынға тәуелділіктің қалыптасуы 12-24 жас аралығында өтеді. Осыған байланысты 21 жас жылдық шегі қабылданады", - дейді ДСМ өкілдері.

Ведомство өкілдері энергетикалық сусыннан зардап шеккен немесе қаза тапқан қазақстандықтар туралы мәлімет жоқ екенін атап өтті.

Еске салайық,денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 21 жасқа дейінгі азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынуы мүмкін екенін айтты. Министр бұл балалардың денсаулығына әсер ететінін жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!