Ұлттық құндылықтың бастауы  – сапалы білім мен саналы тәрбиеде

ҚР Оқу ағарту министрлігі дайындауымен «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасының жобасы ұсынылды. Бұл елімізде білім берудің жаңа бір бағдарламасы ретінде қолға алынып, жүзеге асырылатын болады. Осы ұлттық бағдарлама жобасының мән-маңызы, білім берудегі басымдықтары мен жастардың рухани құндылықтарды дәріптеудегі әсері жайлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Дина Алкебаевамен тілдескен едік.

- Дина Ақбергенқызы,  жуырда ғана «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасының жобасы жұрт назарына ұсынылды. Осы жоба жайлы және басымдықтары туралы айта кетсеңіз.

- ҚазҰУ ұстаздары жаңа ұлттық баяндама жобасымен танысып шықты. Олардың арасында өзім де бармын. Бұл жай жоба емес, біртұтас білім беруге арналған ұлттық  бағдарлама. Осы арқылы отбасы,  балабақшадан бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенше жастардың сапалы білім алып, саналы тәрбиені бойына сіңіруіне ден қойылған. Ұлттық құндылықтар бастауы, осы – сапалы білім мен саналы тәрбиеде. Ұлттық бағдарламада жалпыға ортақ және ұлттық құндылықтар, рухани құндылықтар негізінде білікті де білімді, Отанына адал қызмет ететін мамандар даярлауға баса мән берілген. Бұған дейінгі білім мен тәрбие кемшін емес еді. Жаңа біртұтас білім беру бағдарламасы жастарды құндылықтарды бағалау мен жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің тұрақты басымдықтары оқушылардың саулығын сақтау, оларға жеке тұлға ретінде құрмет пен сенім көрсету, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жайы кеңінен қарастырылған.

- Жаңа мүмкіндіктер деп қалдыңыз, жаңа ұлттық баяндама жобасы қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

-  Уақыт өте келе заман талабына сай білім беру бағдарламаларының өзгеруі заңды құбылыс. Баршаға қолжетімді сапалы білім парадигмаларының   өзгерістерін ұлттық және рухани құндылықтар да арқылы да жаңа даму сатысына өтеді. Қазақ халқы ертеден-ақ оқу-білімнің ең асыл қазына, адамды арманы мен алға қойған мақсатына жеткізетін басты құндылық екенін мойындаған. Ағартушылар оқу-білімге үндеген. Ұлттық санамыз өзгерістерге ашық, жасампаздыққа құмар, танымды шектейтін тосқауылдардан тыс екенін айқын аңғарған. Бұлар біздің жаңа мүмкіндіктерді пайдалана алуымыздың айқын бір көрінісі.

ХХІ ғасыр – ақпараттар мен технологиялар дәуірі дейміз. Күн сайын қарыштап дамып жатқан ғылым жаңа инновациялар мен жаңа тенденцияларды игеруге жол ашуда. Осы секілді қазіргі оқушылардың, студенттердің жаңа дағдыларды игеруге мол мүмкіндігі бар. Жаңа мүмкіндіктер жаңа дағдыларды үйренуіне жол ашады...

- Жаңа дағды деген қалай?

- Мен студенттердің үнемі оқып, дамып, жаңа біліммен танысып жүргенін қалаймын және соған үндеймін. Тапсырмаларымды да жаңа дүниені танып, жаңа білімді бойына сіңіру мақсатында дайындаймын.  Біздің әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінің студенттерінің бойынан жаңа дағдыларды меңгеріп жатқанын оқу процесінде  үнемі көріп отырамын.  «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасының жобасы негізінде білімді жетілдіруге арналған көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, білім беру мазмұнындағы жоғары оқу орындарындағы студенттер мен жұмыс істейтін адамдар қажет ететін кәсіби дағдыларды қысқа мерзімде игеруге, оқытудың жеке-дара бағдарын құруға және білімдегі олқылықтарды жоюға, азаматтардың қосымша білім алуға деген қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін оқытудың жинақтаушы жүйесін іске асыруды қолға алуы қуантарлық дүние. Себебі студенттерге оқу нәтижелерін қайта кредиттей отырып, жаппай онлайн-білім беру курс (Coursera, EdX, Open University және т.б.) жүйелері арқылы жекелеген біліктілікті игеруге мүмкіндік беріледі. Бұрын Coursera сынды онлайн-білім беру жүйелері ақылы болса, қазір студенттер тегін-ақ жаңа дағдыларды игеріп, білім көкжиегін кеңейтіп жатыр. Қазір студенттер үшін әлемдік кітапханалардың қолжетімді болуы тегін қамтамасыз етіледі және жоғары оқу орындарында цифрлық экожүйе кеңейтілуде. Бұл білімнің сапалы болуына септігін тигізетін оң дүниелер.

Цифрлық трансформациялау, қашықтан оқыту, талантты білім алушыларды докторантура мен пост докторантурада білімін жалғастырудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылып, ғылыми кадр даярлаудың жүйесі қолға алынбақ. Бұл – қуанышты жаңалық.

- Студенттер үшін мол мүмкіндіктер қарастырылғаны жайлы қанықтық. Енді оқытушы-профессорларға қандай жағдай қарастырылған?

- Білімнің сапалы болуы, ең алдымен оқытушы-профессорлар  құрамына да байланысты. Білімді мамандар білікті мамандарды даярлап шығады. «Баршаға қолжетімді сапалы білім» баяндамасында оқытушы-профессорлардың да жайы айтылған, назардан тыс қалмаған. Жоғары оқу орнының оқытушысы мен ғалымның ерекше мәртебесі мойындалатыны нақтыланған. Ғылыми жетістіктері жоғары, өндірістік тәжірибесі жеткілікті, білікті мамандарды тарту үшін оларды лайықты жалақымен қамтамасыз ету жайы көзделген. Бұл білім беруші ұстаздар үшін мотивация деуге болады. Бұл баяндамада айта кеткендей, жоғары оқу орындарына, қызметкерлердің тұрақтылығы мен сенімін сақтай отырып, қолданыстағы жүйе мен жоспарлы жаңартулар арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді.

- Енді ұлттық баяндама жобасы қаузаған ұлттық және рухани құндылықтар жайына ойыссақ...

Қазір әлем заманауи технологиялардың түрлі тетіктерін меңгеруге күш салуда, ол бүгінгі берілетін білмнің сапасы мен жаңа дағды мүмкіндіктеріне  байланысты болып отыр. Қазақ халқы ертеден-ақ білім мен тәрбиені өз ұрпағының бойына сіңіре білген.

Халқымыз білім беру  мен  рухани-адамгершілік құндылықтарын ұрпақ бойына сіңіру арқылы тәрбиелік әлеуетті нығайтуды басты мақсат еткен.  Білім берудің жаңа моделі «білім беру – тұлғаның қалыптасуы мен дамуы» ұстанымына бағытталған.  Ұлттық рухани құндылықтарымыз қазіргі айтылып жүрген Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасымен толықтырылды. Орта білімнің философиялық негізі Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд әл-Қашғари, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Яссауи сияқты басқа да ағартушы, ойшылдардың мәдени және рухани мұрасы бүгінгі білім алушылардың тұлға болып  қалыптасып дамуында айрықша рөл атқарады. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының бүкіл мазмұнында ел бірлігін сақтап әрі өнер-білімді дамытуға шақырады. Осы ақылман дастанда мынандай өлең жолдары ұшырасады:«Білімді аз, білімсіздер қаптаған, Ақылсыз көп ақылдыны таптаған» деген жолдарды бүгінгі ұрпақ жақсы түсінуі керек. Бүгінгі білім алушы осы ақылман ойдың таразысын тең ұстап оның тереңіне білім мен тәрбие арқылы терең бойласа,  заман талабына сай білікті де білімді тұлға бола алады, сонда ғана қазақ елі мықты мемлекет болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында, мемлекеттің басты міндеті – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру керектігін айтқан еді. Ұлттық және рухани құндылықты бойына сіңірген жастар  жарқын келешектің жаңа тұлғасы болып қалыптасатындығына біз сенуіміз керек.

ХХІ ғасыр – жаңа заманауи технологиялармен, білім мен ғылымның зымырандай самғаған дәуірі. Алайда адамзат баласы үшін бұл өзгерістер мен заманауи технологияның қауіп-қатері бар екені бар екенін біліп отыру өте маңызды. Қазіргі білім беру парадигмалары бұрынғы білім беруден барлық жағынан өзгешеленеді. Оны заманауи технологиялардың ықпалынан деп айтуымызға болады. Сан түрлі мінезді, өмірге көзқарасы түрлі адамдар дәуірі басталады. Интернеттен, ғаламтордың әртүрлі бағдарламаларынан, түрлі деректер базасынан т.б. түрлі қауіптер адамдардың тұрмыс-тіршілігін өзгертіп қана қойған жоқ, жалпы адам болмысына, санасына ықпал етіп жатыр. Осы қауіп-қатерден құтқаратын айналада болып жатқан «белгісіздік шараларының» алдын алу үшін қазіргі білімнің сапасына,  білім беру дағдыларының жүйесіне де көп көңіл бөлу және назарға алынуы тиіс. ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне жетпейтін уақыт ХХ ғасырдың бүкіл әлеуетіне жететін істер атқарды. Ендігі «өзгерістер мен белгісіздік шаралары» одан да жылдам, одан да жедел болатынын әлемдік сарапшылар ғана емес, жеке адамның өзі де сезіп, біліп отыр. Енді не болады? Енді қандай өмір болады? Білім жүйесі қандай болады? деген сан сұраққа жауап іздеу заңды құбылыс.  Бұл тек білім сапасын өзгертіп, саналы тәрбие беру арқылы жүзеге асатын үлкен еңбек пен ақыл-ойдың бірлігін талап ететін құбылыс. Ұлттық баяндама жобасында айтылған ұлттық және рухани құндылықтар – айналада болып жатқан «өзгерістер мен белгісіздік» шараларына тосқауыл болатын өлшеусіз философиялық ұғым.

 – Ұлттық құндылықтың бастауы  – сапалы білім мен саналы тәрбиеде екініне үлкен мән беріп отырсыз. Ұлттық бағдарламада ұлттық құндылығымыздың бастауы кәсіби мамандар, отбасылар, мектептер, ресурстар кең байтақ еліміздің кез келген бұрышында әр бала үшін ең жақсы мектебі бар мемлекетке айналуына мүмкіндік береді. Қазақстан тап осындай ел бола алады деп айтылған. Осы отбасының саналы тәрбие берудегі маңызына да мән берілуі керектігі туралы пікіріңізді білдіре кетсеңіз.

Қазіргі уақытта адамзат бастан кешіп отырған әлемдік рухани құндылық дағдарысына байланысты дәуірлер тоғысында адамзаттың өмірінде тілімен, дінімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, менталитетімен, табиғатымен ұштасатын құндылықтардың бастауы отбасынан басталады.  Отбасы құндылығы адамнан адамға, этностан этносқа беріліп отыратын  өміршең орта. Осының бәрі отбасынан басталады. Қазіргі күнделікті тұрмыс тіршілігімізге етене еніп кеткен өмірлік құндылықтар мен құндылықтарға қарсы құбылыстар саны күн санап артып жатыр. Атап атар болсақ, байлық пен кедейлік, ақыл мен ақымақтық, күлкі мен жылау, білім мен білімсіздік деген қарама-қарсы ұғымдардың мән мен маңызын білім арқылы жас ұрпақты ізгіліктендіру идеясы арқылы  тәрбиелеу керек.

Отбасылық құндылықтар ұлттық құндылықтардан бастау алады да жалпы адамзаттық құндылықтармен сабақтасып жатады. Отбасы құндылығының  маңызды функциялары өте көп.  Отбасында балаларға мәселелерді шешу дағдыларын бойына сіңдіру, оң және сыни емес қолдау көрсету, ұйымшылдық пен төзімді мінез-құлыққа үйрету, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, қоғамның бекіткен нормаларына сай тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды ұстану сияқты мәселелердің барлығы да  құндылықтар мен дағдылар адамдарға өз өмірлерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін және тұлға болып қалыптасуда маңызды орын алады. 

Қолжетімді және сапалы мектепке дейінгі білім БҰҰ-ның (БҰҰ) тұрақты 14 даму мақсаттарының тізімінде отбасының ролі мен маңызы терең мән беріліп айтылған. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат түрлі әлеуметтік топ пен тұрмыстық жағдайы әрқилы отбасылардан шыққан балалардың бастапқы мүмкіндіктері тең болып, сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталғандығы ең маңызды мәселелердің бірі. «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасының ұсынылған жобасында  балаларды 2 жасынан бастап мектепке дейінгі біліммен қамтуға қатысты шаралар қабылданып жатқанын,   ата-ананың формат таңдау құқығы бар: үйде, орталықтарда немесе балабақшаларда тәрбиелеп оқытуына болады деп айқын да анық айтылған.  

Осы ұстаным мектепке дейінгі мекемелердің іргетасы болуға тиіс. Халқымыздың  «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дана сөзі бар.   Баланың білім алудың бастауы отбасынан басталатыны  белгілі.

Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың түпнегізі, қайнар бұлағы.  Елін, жерін, өз халқын сүйетін, бағалайтын, талабы таудай, ақыл-ойы мен азаматтығын қазақ елінің жарқын болашағы мен бақытына арнайтын білімді ұрпақтың тұлға болып қалыптасуы отбасынан басталады.

- Бүгінде жасанды интеллект адамзатты алаңдатып отыр және қоғамның біраз әлеуметтік топтарын өзіне қаратып жатыр. Сондықтан сіз жасанды интеллектіні мойындайсыз ба? Оның білім беру жүйесінде және адамзаттың болашағына қандай пайдасы мен зияны бар? Осы туралы айта кетсеңіз.

Жасанды интеллектінің өмірге келуі адамдар еңбегінің құндылығына нұқсан келтіреді. Болашақта жасанды интеллект қоғамға, жеке әлеуметтік топтардың арасында үлкен революция жасауы мүмкін. Адам баласы бұған да дайын болуы керек. Ал жасанды интеллектіні мен қолдамасқа қандай шара бар?! Жасанды интеллект қоғам өміріне жалпы біздің ұлттық құндылықтарымызға зиян келтіруі мүмкін. Ол, әсіресе экономика саласында жеке адамдарға жаңа қауіп-қатер төндіретін қылмыстық істер жасауына ықпал етуі мүмкін. Бірақ бұл процесті тоқтататын ұлттық құндылықтардың өлшеусіз парадигмалары болады. Жаңа айтып өткендей, жасанды интеллект қазіргі өмірімізге еніп кетті. Болашақта оның сан түрі шығады және экономиканың бар саласын қамтып, еңбек құндылығын жоюға күш салады. Алайда бүгінгі ұрпақ жасанды интеллектіні пайдалана отырып, еңбектің басқа түрлерін ойластырады деп ойлаймын. Сондықтан жасанды интеллектінің келуі еңбек нарығына құнсыздық әкеледі және белгілі маманның еңбегін тартып алады. Сондықтан бүгінгі білім алушы – әртүрлі мамандық иесі, ол басқа саланың маманы болуға оны игеруге білімін, бар күш жігерін арнауы керек. Бүгінгі берілетін білім түрлі мамандықтарды игеруге күш салуы тиіс. Жасанды интеллектіні адамзатқа қауіп-қатер әкелетін құбылыс емес, қайта адам баласының игілігіне жарататын, пайдалы істер атқаратын компьютерлік бағдарлама ретінде бағалануы керек.

- Қазіргі әлемдік білім беру жүйесінде ҚР білім реформалары қалай жолға қойылады?

Қазір жаңа білім беру жүйесіне барлық қызметкерді жаңа білім саласына дағдыландыру, үйрету, өз алған білімді екінші, үшінші мамандыққа қарай үйлестіре білу қажеттілігіне қазір басымдық көрсетіп отыр. Бұл – заман  талабы. Біздің мемлекетіміздің әрбір мүшесі жалпы адамзаттық білім алудың миссиясын түсінуі, сезіне білуі және оны өмірдің кез-келген саласында қолдана білуі керек.  Бүгін білім беруші  мен білім алушы білім жолында өмір бақи іздене  берумен қоса, оны қабылдау, өңдеу және игеру дағдыларын қалыптастыра білуі қажет.  Бүгінгі білім жалаң оқыту емес ескі сарынмен студенттің білімін бағалап қана қою емес, күрделі өмірлік қағидаттарға сүйеніп оқыту. Түрлі білім беру ұстанымдары қолға алынуда,  «жанама білім», дәстүр, тәжірибелік жұмыс, ғылыми әрі педагогикалық  құндылықтарын трансляциялау  басымдық берілген.  Университет оқытушы мен студенттің өзара тығыз қарым-қатынасы,  оларды білімге қызықтыруы мен  шығармашықққа баулуы, алған мамандығына ынтасын оятып оған сүйіспеншілігін арттыруы оқу процесінің барлық кезеңінде жүріп жатуы керек. Студенттерді биік  адамгершілік және жоғары құзыреттілікке тәрбиелеудің   ерекше кеңістігін құру басты мәселелердің бірі екенін де атап кету керек.  Баршаға ортақ қолжетімді сапалы білімге арналған ұлттық бағдарлама осыған арналған. Білім беру бағдарламаларының басты ерекшелігі – білім алушы  жастарды өзгерістерге әрқашан дайын болуға үйретеді. Бізге оны терең түсініп, білім берудің барлық саласында қолдануды талап етіп отыр.

– Дина Ақбергенқызы, сұхбатыңызға көп рахмет.