Әкімдік құрылыс компанияларының алдында шарасыз. Алматыда заңсыз құрылыс қашан тоқтайды?

Қайрат шағынауданының тұрғындары үйлерінің дәл іргесінен көпқабатты тұрғын үйлердің салынуына қарсы. Өйткені көшесі тар, коммуналдық жүйесі онсыз да ақсап тұрған шағынауданның ортасынан үй салу тиімсіз дейді. Оның үстіне бұл жер учаскесі функционалдық аумаққа кіретіндіктен үйлердің биіктігін 4 қабаттан асыруға болмайды. Ал заңды белшесінен басқан мердігер 5-7 қабатты тұрғын үй салуға кірісіпті. Ол аздай кіші Алматы өзенін қоқыс аралас топырақпен толтырып жатыр. Әкімдік құрылыс басшысының алдында шарасыз күйде, - деген тұрғындардың талабын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Кіші Алматы өзенінің қазіргі көрінісі

Қулығына құрық бойламайтын мердігер құрылыс басталғанда мектеп, балабақша, саябақ салынады деп тұрғындарды алдап келген. Бұқара бұл жерге 5-7 қабатты тұрғын үйдің салынарын жаздың соңында бір-ақ біліпті. Ашынған ағайын заңсыз құрылысты тоқтатуын талап етіп әкімдікке талай барған. Алайда Түрксіб аудандық әкімдігі өкілдері мердігердің құжаттары дұрыс деген шешім айтыпты. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Қайрат шағын ауданының белсендісі - Қарлығаш Баймуратова 

"Әкімдіктен сәулет-жоспарлау тапсырмасымен үйлердің этаждары неліктен сәйкес келмейді деп сұрадық. Жария талқылаулар арқылы өткізілетін қоғамдық тыңдаулар хаттамасының нысаны бойынша 44 сұрақ қойдық. 8-9 сұраққа жауап берілмеді. Ал қала әкімі Ерболат Досаев 24 қыркүйекте Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде бұл мәселеден хабарсыз екенін айтып, құрылыстың тоқтатылатынын айтты. Алайда арада 2 апта уақыт өтсе де құрылыстың тоқтайтын түрі жоқ. Әкімдік құрылыс басшысының алдында шарасыз күйде", - дейді шағынаудан белсендісі Қарлығаш Баймуратова. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Қайрат шағын ауданының тұрғындары

Бас мердігер "Береке Строй Групп" ЖШС жеке тұрғын үйлерден 5 метр қашықтықта үлкен шұңқыр қазып жатыр. Заң бойынша 20 метрден кем болмауы тиіс. Ал тау болып үйілген топырақпен кіші Алматы өзенін толтыруға кірісіпті.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Құрылыс аймағының құжаты

"Су қорғау аймағына жататын аумақты қоқыс аралас топырақпен толтырып жатыр. Бұл жерге қоқыс төгуге заңмен тыйым салынған. Бұл жерде түрлі жануарлар, құстар мекендейді. Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы мердігерге бірнеше мәрте айыппұл салды. Бірақ топырақты төгуді доғарар емес. Жүк көліктері жол жүру ережесін бұзып, қоқыстың үстін ешқандай жапқышпен жаппайды. Салдарынан күні бойы шаң жұтып жүруге мәжбүрміз", - дейді тұрғындар. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

Біз барған сәтте ғана құрылыс компаниясы топырақ төгуін уақытша тоқтатыпты. 

Бұқараның базынасы мұнымен бітпейді. Шағынауданға 3 жылдан бері кәріз құбыры тартылмаған. Ауыз судың қысымы тым әлсіз екен. Ал көпқабатты үйлер тұрығызылар болса бұл мәселе одан сайын ушығып кетері даусыз. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Халық наразылығын баннерлер арқылы білдіруде

Көшелердің ені 4 метрден аспайды. Тым тар. Топырақ тасыған жүк көліктері жүйткіп жүреді екен. Тұрғындар көшеде ойнап жүрген балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. 

"Балалардың барлығы №211 мектепке барады. Мектепке баратын жалғыз жолмен жүк көліктері күнде жүріп жатыр. Жүгенсіз жүргізушілер бір күні балаларымызды басып кете ме деп алаңдаймыз", - дейді шағынаудан тұрғыны Әділбек Әбікенов. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Тар көшемен келе жатқан жүк көлігі. 

Алматы қаласы аумақтарындағы функционалдық аймақтардың типтері мен түрлерінің жіктегіші "Ж4" бойынша құрылыс 4-5 қабаттан аспауы тиіс. Құрылысқа жауапты A-stroi ЖШС 2,9 гектар алақандай жерге 5-7 қабатты 15 тұрғын үй салуды жоспарлапты. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Ал әкімдік бұл жерді 156 мллион теңгеге 5 жылға бөліп төлеуге сатып жіберген. Күмәндісі сол Қайрат шағын ауданында 8 соттық жер 40 миллион теңгеге бағаланған. Ал су тегін қаржыға мердігердің қалай алғаны көкейге күмән келтірмей қоймайды. Ашуға булыққан ағайын жерді дәл осы бағаға әкімдіктен сатып алуға шамамыз келеді дейді. Орнына саябақ салмақ ниетте. 

"Бүгінге дейін "A-stroi" ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаны жайлы хабар берді. Яғни жер учаскесін қайта жоспарлау жүргізіліп жатыр. Бірақ шұңқырлар қазу, бетон құю секілді жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Біз тұрғындардың шағымын ескере отырып Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне хат жолдадық. Егер бұл мекеме бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес 7 этаждық үйлер салынатыны дәлелденсе, біз заң бойынша құрылыс компаниясының жұмыстарын тексеретін боламыз, - Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы Түрксіб ауданының инспекторы Балхашев Диас.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Бұл қала құрылысын бақылау басқармасы маманының 30 қыркүйекте жергілікті жұртқа жасырмай айтқан жауабы. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының өкілі Бекнар Берікұлы да бар мәселені министрліктің уәкілетті органына сілтей салды. 

"Бұл жер учаскесінің меншік иесі заңды тұлға, нысаналы мақсаты көппәтерлі үйлер салу. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы 2021 жылы берілді. Эскиздік жобасы 2022 жылдың басында келісілді. Алматы қаласы аумақтарындағы функционалдық аймақтардың типтері мен түрлерінің жіктегіші Ж4 4-5 қабатты құрылыстар болуы тиіс. Алайда эскиздік жобада 5 қабатты 7 үй, 7 қабатты 8 үй салу бекітілген. Осыған байланысты Министрліктің уәкілетті органы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне хат жолданды. Эскиздік жобаға қатысты барлық құжаттар ұсынылды", - дейді Бекнар Берікұлы.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Шынтуайтына келгенде эскиздік жобаны бекітетін Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы. Ал заңсыз жобаны қабылдап алған мекеме аталған әрекетіне неге жауап бермейді? 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Құрылыс аумағы 9-10 балдық жер сілкінісі аймағына кіреді.

Түйткілдің барлығы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне келіп тіреліп тұр. Біз аталған мекемеге тұрғындардың талабына сәйкес ресми хат жолдадық. Жауабын алдағы уақытта жариялайтын боламыз. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз