Микротолқынды пештің ішін қалай тазартуға болады? Тиімді 3 әдіс

Микротолқынды пештің ішін қалай тазартуға болады? Тиімді 3 әдіс
Фото: ru.freepik.com

Микротолқынды пеш - асүйге қажетті құралдардың бірі. Ол уақытты үнемдеуге, тамақты жылдам ысытуға және етті жылдам ерітуге көмектеседі. Кей адамдар микротолқынды пешке жеңіл тамақтар да пісіреді. Кез келген құрал секілді микротолқынды пеш те тез бұзылмас үшін оны уақытылы тазалап тұру керек. Ендеше, оның ішіндегі май мен ластықты химиялық құралдарсыз қалай тазалауға болады?

Микротолқынды пешті лимонмен тазалау

Ол үшін микротолқынды пешке салуға болатын бір ыдысқа су құйыңыз да, оған лимон шырынын сығыңыз. Лимонның өзін бірнеше бөлікке бөліп, оларды да ыдысқа салсаңыз болады. Содан соң ыдысты микротолқынды пешке салып, 15 минут қыздырыңыз. Ол тоқтаған соң есігін 5-10 минут ашпаңыз. Содан кейін оның ішінен ыдысты алып, пештің ішін дәкемен тазалап алыңыз. Лимонның орнына лимон қышқылын қолдануға болады. Оған 1-2 ас қасық лимон қышқылы жетеді.

Микротолқынды пешті сірке суымен тазалау

Ыдысқа су мен сірке суын араластырыңыз. Бұл ерітіндіні пеште 10 минуттай қыздырыңыз. Есігін бірден ашпаңыз. Ішіндегі майлар еріп, қатып қалған тамақ қалдықтары жібу үшін буы шығып жатқан ыстық ерітіндінің шамалы тұрғаны жақсы. Кейін оның ішін дәкемен тазалап аласыз. 

Микротолқынды пешті ас содасымен тазалау

Ыдысқа 3 ас қасық ас содасын салып, оған 1-2 стақан су құйыңыз. Оны сода толықтай ерігенше араластырыңыз. Содан соң ерітіндіні микротолқынды пеште 10-15 минут қыздырыңыз. Содан соң есігін ашпай, ыдысты тағы 5 минутқа қалдырыңыз. Кейін оның ішін дәкемен жуып аласыз.

Микротолқынды пеш тез ластанбауы үшін мына ережелерді сақтаңыз:

  • Өнімдерді жиі ерітетін болсаңыз, олардың сұйықтығы айналасына шашырамас үшін өнімдерді шұңғыл ыдыстарға салыңыз;
  • Микротолқынды пешке салған ыдыстың бетін жабуға арналған арнайы қақпақ сатып алыңыз;
  • Микротолқынды пештің ішін әр тамақ ысытқан соң бір сүртіп алыңыз;
  • Пештің ішінен жағымсыз иіс шығып кетпес үшін арасында оның есігін ашып қойыңыз.

Микротолқынды пештің сіз білмейтін 10 мүмкіндігі

А. Жапатова