Атыраулық балықшылар күзгі лимитті игере алмай қалуы мүмкін

Атыраулық балықшылар күзгі лимитті игере алмай қалуы мүмкін
Фото: pixabay.com

Атыраулық балықшылар күзгі лимитті игере алмай қалуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Қазір аулау жоспарға сай жүргенімен, балық аз. Балықшылар берілген лимиттің тек 10 пайыз игерген. Мамандар теңіздің табанын тереңдету жұмыстары жедел жүргізілмесе, балық аулау қиындайтынын айтады. Қазірдің өзінде ауланатын балық көлемі балықшылардың шығынын өтемейді.

Таң ата Жайық бойымен теңізге аттанған балықшылар түс ауа бос қайтады. 2-3 жыл бұрын тонналап балық тапсыратындар енді тек 40 келідей әкеліп жүр. Су деңгейі төмендеп кетіп, қайықтар қайраңда қалып жатыр.

"50 шақырымға барып келгендегі шығыныңды ақтамайды. Балық жоқ қазір. Балық енді алға қарай көрінбесе, қайдан білейін. Бұйырғанын көреміз. Теңіздің суы – 15-20 сантиметр, таяз. Ауыздан шығу да қиын", - дейді балықшы Сейілхан Жұмағазиев.  

"Қайық өте алмайды, тап-тайыз. Балықтың жағдайы, міне, шамалы. Балық жоқ. Судың тартылып кетуіне байланысты бәрі. Қайық өте алмай жатыр, итеріп өтеміз", - дейді балықшы Жасталап Құспанов,  

Бұрын 400-500 келіге дейін, тіпті тоннаға дейін балық таситын балықшылар қазір тек күніне 30-40 келі балық әкеліп тапсырып жатыр. Су деңгейінің төмендеуі салдарынан балықшылар теңізге шыға алмай әлек. Енді бөлінген лимитті игере алмай қаупі бар.

Биыл Жайық өзені бойынша 4200 тонна, ал Каспий теңізіне 7200 тонна лимит бөлінген. Бірақ игеру көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қазір су айдынындағы 20-дан аса кооперативтің жұмысшылары орта есеппен алғанда берілген лимиттің тек 10 пайызға жуығын игерген.

"Теңіз бағытынан қайықтар келіп жатыр. Балықшылардың айтуынша, су жоқ. Итеріп шығамыз, итеріп кіреміз деп жатыр. Теңіз бағытынан ауланған балықтар – сазан, жерех, табан балықтардің көлемі жақсы. Өте уақ емес", - дейді Дамбы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Амангелді Ақтанов. 

Қазір Жайық бойы мен теңізде ау тартқан балықшылардың жағдайы мәз емес. Су маржандарын сүзіп, күнін көріп отырғандар үшін бұл мәселе бас ауруына айналған. Тереңдету жұмыстарын жедел жүргізу керек деп балықшылар дабыл қағып отыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина