Данияр Юлдашев Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

WKF каратэден Ұлттық құрама спортшысы Данияр Юлдашев Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында күміс медальге ие болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кумите бағдарламасында 84 келіге дейінгі салмағықтағы үздікті Данияр Юлдашев пен Мұхаммад Ариф Афифуд бин әл-Малик анықтады. Тартысқа толық жекпе-жекте Малайзия спортшысы басым түсті.

Данияр бүгін татамиге үш мәрте шықты. Әуелі іріктеуде Теерапаттан (Таиланд), сосын ширек финалда Тайбэй атлеті Вэй Чен Удан, жартылай финалда Иордания өкілі Мұхаммед әл-Жафариден басым түсті.

Айта кетейік, Данияр 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азиадада қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ ол – әлем чемпионатының қола, Премьер-лига бәсекелерінің бірнеше дүркін жүлдегері. Азия чемпионатында 2 алтын, 2 күміс пен 2 қола жүлдеге қол жеткізген.

Қазір Қазақстан делегациясының еншісінде барлығы 73 медаль – 9 алтын, 20 күміс пен 44 қола бар. ХІХ Азиада ертең мәресіне жетеді.
 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!