Ең көбі Алматы облысында, ең азы Маңғыстауда: Қазақстанда қанша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған?

Биыл қаңтар-тамызда Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық бағыттағы 578 құқықбұзушылық жасалған, бұл былтырғыдан 2 пайызға ғана аз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл 1 шілдеде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған түзетулер күшіне енді. Яғни, полиция тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуде арызданудан анықтау сипатына көшті. Бұл әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты, бірақ олардың дер кезінде ашылуы мен жолын кесу қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алуға, жәбірленушілерді аса ауыр қылмыстардан, соның ішінде кісі өлтіруден қорғауға көмектеседі.
Нәтижесінде, заңнамадағы өзгерістен кейін тек шілде-тамызда жауапқа тартылғандар саны үш есе артты. Мамыр және маусымда осындай 5,3 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, шілде мен тамызда олардың саны 16 мыңнан асты. Тиісінше, қамауға алынғандар саны екі есе өсті: 1 шілдеге дейін 1392 адам, 1 шілдеден кейін 2389 адам.

Өңірлер бойынша ең көп отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқықбұзушылық Алматы облысында жасалған: сегіз айда 56 іс, былтырғыдан 13,8 пайызға аз. Павлодар облысы екінші орында: 52 қылмыстық құқықбұзушылық, бір жылда 7,1 пайызға азайған. Одан кейін Қарағанды ​​облысы: бір жыл бұрын 59 іс болса, биыл 47. Бір жылда көрсеткіш 20,3 пайызға азайған.

Мұндай құқықбұзушылықтардың ең азы Маңғыстау (11 іс), Ақтөбе (13 іс), Қызылорда және Абай (әр облыста 16 істен) облыстарында тіркелді.

Биыл еліміздің 20 өңірінің 11-інде отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқықбұзушылықтар саны төмендеген. Ең көп төмендеген деңгей Шығыс Қазақстан облысында (46,3 пайызға, 43 іске дейін), ең азы Астанада (6,8 пайызға, 41 іске дейін) байқалды.

Жиі кездесетін отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқықбұзушылықтар қатарында адам өлтіру (64 іс), қажет қорғаныс шегінен шығу арқылы денсаулыққа ауыр зиян келтіру (12 іс), он алты жасқа толмаған баламен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау (11 іс) болды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!