Көшеден тауып алған ақшаны өзіңе қалдыруға бола ма? Адвокат жауабы

Азамат көше, автобус немесе таксиден үлкен сомадағы қаражат тауып алса, оны өзіне қалдыра ала ма? Немесе полицияға арызбен жүгіну керек пе? Бұл сұраққа адвокат Эльнура Кишкенебаева TikTok парақшасында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Адвокаттың айтуынша, егер сіз көшеде біреудің ақшасын тауып алсаңыз және оның кімге тиесілі екенін білмесеңіз, міндетті түрде полицияға хабарласу керек. Заң бойынша, біреу ұмытып кеткен не жоғалтқан затты тапқан азамат, оны өзіне қалдыра алмайды. Оның үстіне, қаражат не затты иесіне қайтару үшін қолынан келгеннің бәрін жасауы керек.

"Заң бойынша, сіз ол ақшаны өзіңізге қалдыра алмайсыз және иесін өзіңіз іздеуіңіз керек. Әйтпесе, сізге "ұрлық жасады" - деп айып тағылуы мүмкін", - дейді маман.

Полицияға арыз жазылғаннан кейін табылған зат оны тапқан адамға немесе полицияға сақтауда болады. Адвокат табылған заттың иесі табылмаған жағдайда, олжа кімнің меншігіне өтетіні туралы да айтты.

"Егер 6 ай ішінде ақшаны ешкім талап етпесе не иесі табылмаса, онда ол қаржы автоматты түрде тауып алған адамның өзінде қалады. Егер тауып алушы бұл ақшадан бас тартса, Азаматтық кодекстің 245 бабы бойынша қаражат мемлекет меншігіне өтеді", - деп толықтырды Эльнура Кишкенебаева.

Сонымен қатар, осы бапқа сәйкес, жоғалған затты тапқан және қайтарған азамат меншік иесінен олжаны сақтағанына байланысты шығынды өтеуін сұрауға құқылы. Егер олжа мемлекетке кеткен болса, сақтау шығынын жергілікті атқарушы орган өтеуге тиіс.

Затты тапқан адам оның иесінен заттың құнының 30 пайызы мөлшерінде сыйақы алуға құқылы. Ал егер табылған зат оны жоғалтқан адам үшін ғана құнды болса, онда ықтимал сыйақының мөлшерін екі тарап өзара талқылайды.

Алайда егер затты тапқан адам олжаны тапқанын жарияламай, оны жасыру үшін әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы жоғалады.

Айта кетейік, бұған дейін сапасыз көрсетілген қызметке төленген қаражатты қайтарып алу қаншалықты  мүмкін екенін хабарлаған едік.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қай азық-түліктерді тоңазытқышта сақтауға болмайды?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!