Алматыда заңгер Айман Асанованы өлтірді деген өз күйеуіне қатысты сот үкімі шықты

Алқабилер соты заңгер Айман Асанованы қасақана өлтіргені үшін бұрынғы күйеуін кінәлі деп таныды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қылмыстық қудалау органы Н.-ды қасақана кісі өлтірді деп айыптады (Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі).

Н. 3 жыл бойы жұбайымен некеде болған. Ажырасқаннан кейін, еркектің жұбайына деген дұшпандығы мен араларында көптеген жанжалдың орын алуына себеп болған ортақ мүлікті бөлу мәселесі шешілмеген күйінде қалған.

"Н. 2022 жылғы 9 қазанға қараған түні бұрынғы жұбайын оның үйінің жанына барып, күтіп тұрған. Ер адам оған мүлікті бөлу туралы талап қояды. Әйел дөрекі жауап қатып, ауыр сөздер айтып бұл мәселені талқылаудан бас тартады. Осыған байланысты бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тағы да ұрыс басталады. Жанжал кезінде ер адам қолындағы пышақпен әйелге 18 соққы жасайды. Ауыр жарақат салдарынан әйел ауруханада көз жұмды", - деп хабарлады Алматы соттарының баспасөз қызметі.

Сотталушы кінәсін мойындамады, ол бұрынғы жұбайын қатты толқыған кезде өлтіргенін айтты.

Прокурор мен жәбірленуші тарап оған қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Сот айыпкерді заңсыз, қасақана адам өлімі үшін кінәлі деп таныды және 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!