Бір ауылдың мақтанышына айналған әулет: ШҚО-да 28 немере, 18 шөбере сүйген отбасы тұрады

Бір ауылдың мақтанышына айналған әулет: ШҚО-да 28 немере, 18 шөбере сүйген отбасы тұрады
Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылында тұратын шаңырақта шөберенің де сыңғырлаған күлкісі естіледі. Әлімовтер әулетінде күнде қарбалас, у-шу тірлік. Сексеннен асқан Өмірбек ақсақал мен Рысгүл әже 12 бала өсіріп, 28 немере, 18 шөберенің қызығын көріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балаларының барлығы білімнен сусындап, әр мамандықтың тізгінін мықтап ұстаған. Кіндік қаны тамған ауылға жиі атізін салып тұрады. Мақала кейіпкері Өмірбек Әлімов 1941 жылы, маусым айының 22-сі күні Жаңалық ауылында дүние есігін ашты. Неміс басқыншылары соғыс алауын жаққанда туған жанның өмір жолы да шым-шытырық.

"Әкем Әлім 1944 жылы сүзек ауруынан көз жұмды. Бұл уақытта Замаш, Ләззат есімді әпкелерім және мен – үшеуіміз анамның қамқорлығын көріп өстік. Үйдегі жалғыз ер адам өзім болғандықтан ферманың бұзауын бағып, жұмысқа жастайымнан араласып кеттім", - деді ақсақал.

Өмірбек Әлімов 8-ші сынып оқып жүргенде анасының денсаулығы нашарлап, орта мектепті аяқтап үлгермеді. Бұл 1957 жыл болатын. Қарбалас жұмысқа білек сыбана кіріскені де осы кез. 16 жастағы бозбала жақындарына жәрдем берудің қамымен түрлі жұмыс істеді. 22 жасында шофер мамандығын тәмамдап, аудандық ауруханаға жұмысқа тұрды. Араға тоғыз жыл салып, Ақжар ауылында №5 автобуспен жолаушы тасып, зейнетке шыққанша міндетін мінсіз атқарды.

Шаңырақ көтерген алғашқы жұбайы Нұрғайшамен Мәрзия, Әлия, Жаңыл, Асхат, Қанат, Серік есімді балаларды өмірге әкелді. Дегенмен жары келместің кемесіне ерте мініп, 1980 жылы дүние салды. Өмірбек Әлімов әр пенденің ғұмырында сан алуан тосынсыйлар күтіп тұратынын жеткізді. Қарияның сөзінше, қазіргі Құдай қосқан қосағы Рысгүл де жиырманың бесеуін толтырғанда арқасүйер азаматынан айырылған. Үш қызын құшақтап, тағдырдың ауыр соққысын өзіне алды. Ал Өмірбек ақсақал екеуі 1982 жылы екеуі отау құрған.

"Екеуіміз тоғыз баланы бөліп-жармай, өсіріп жеткіздік. Олардың соңынан тағы үш перзент сүйдік. Жұбайым Рысгүл 1950 жылы Қытайдың Дүрбілжің ауданында туған. Ол көп жылдар Тарбағатай аудандық оқу бөлімінде есепші болып істеп, зейнетке сол жерден шықты. "Күміс алқа" иегері. Кенже қызымыз Алуа да анасының жолын қуып, ұлттық киім тігеді", – деді қария.

Иә, пысық-ширақ Алуа жеке бутигін ашқан. Айтпақшы, Рысгүл әженің өзі тігін тігіп, құрақ құраудың шебері. Отағасы екеуі бүгінде 12 баладан 28 немере, 18 шөбере сүйіп отыр. Ортаншы қыздары Жаңыл науқастанып, өмірден озған.

"Жаңылым дүние салса да, үш баласынан 6 немере сүйгізді. Балаларым жоғары білім алып шыққан, Зарлық есімді ортаншы қызым білім саласының үздігі", – деді ақсақал.

Бұл әулетте спортшы да бар. Айталық, кенже ұлдары Берік Әлімов еркін күрестен Әлем чемпионы атанған. Қазір бапкер. Спорттағы сіңірген еңбегі үшін "2022 жылдың Үздік жаттықтырушысы" атанды. Былтыр 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жаһандық жарыста 55 келі салмақта топ жарған Дарын Әскербек оның шәкірті.
Аяжан есімді қыздары Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Өскемен қалалық пробация қызметінде аға инспектор. 15 жылдан астам уақыт осы салада тер төгіп келеді. Тал бесіктен басталған тәрбиесі ұжымында сыйлы болуына себепші, бүгінде екі ұлды тәрбиелеп отыр.

"Өзім жанұяда 10-шы баламын. Ауылдағы қарашаңырақты сағынып, еңбек демалысында бірден сонда тартамыз. Ата-анамыз адалдық қасиетімізден айырылмауға тәрбиеледі. Адамдарға мүмкіндігінше көмектесіп жүруге үйретті. Өйткені біреуге жамандық ойласақ та, жақсылық жасасақ та, түбінде өзіңе қайтып келеді", – деді Аяжан Әлімова.

Өмірбек ақсақал осындай қамсыз шақта өмір сүріп жатқанына "Тәңірге шүкір" деді. Екінші дүниежүзілік соғыс екпін алғанда туған қария ел басына қайғы-қасірет, нәубетті жылдар түспесін деп тілек білдірді.

Асыл Бигелді (Фотосуреттер Әлімовтер әулетінің жеке мұрағатынан)

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы