Енді жанжал шығарған күйеуімен бірге әйелі де қамала ма? Министрлік өкілі жауап берді

Енді жанжал шығарған күйеуімен бірге әйелі де қамала ма? Министрлік өкілі жауап берді
Фото: Тұрар Қазанғапов

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайдың жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды қамап тастау керек деген бастамасына қатысты жеке ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тіпті зорлық-зомбылық құрбанына айыппұл салудың өзі біріншісі екінші бөлігімен (қамауға алу немесе айыппұл салу - еск.) сәйкес келмейді. Менің ойымша, мұндай бастаманы ешкім қолдай қоймас", - деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Ол отбасында зорлық-зомбылықты болдырмау үшін заңдағы нормалар жетілдірілетінін мәлімдеді. 

"Бәріміз жұмыс тобында (түрлі ұсыныстарды - еск.) талқыға саламыз, олар норманың кей тұстарын қолдауы немесе қолдамауы мүмкін. Әрі қарай палатаның салалық комитетінің отырысы өтеді. Одан кейін палатаға жіберіледі. Ұсыныстар көптеген кезеңнен өтуі керек. Мұнда (заң жобасына - еск.) енбеуге тиіс нормаларды айтып тұрмын", - деп түсіндірді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін депутат Жарқынбек Амантай жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелі де жауапқа тартылуы керек деген бастама көтерген еді.

"Заңда арандатушы, провакация деген ұғым бар. Осы тұрғыда әйелде де жауапкершілік болуы керек. Ер адамды 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, онда оны кінәлі деп тапса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, біз көп мәселені тізгіндей аламыз", - деді ол Мәжілістің комитет отырысында.

Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда өгей әкесімен бірге тұратын балалар нақты себеп болғанда ғана тексерілетінін айтқаны хабарланған еді.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz