Тоқаев қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою керегін айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды", - деді Президент республикалық педагогтер съезінде.  

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқаратынын атап өтті. 

"Мектебі бар ауылда тіршілік бар" деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет", - деді Тоқаев. 

Сондай-ақ, Президент ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мәселесіне баса мән берген жөн екенін айтты.

"Кітапханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек. Яғни, әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту керек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар", - деді Президент республикалық педагогтер съезінде.  

Айта кетейік, бүгін білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай елордада республикалық педагогтер съезі өтіп жатыр. Мұндай шара 2005 жылдан бері өткізілмеген. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз