"Инфекция тіс арқылы өткен". Көкшетаулық әйел ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлады

"Инфекция тіс арқылы өткен". Көкшетаулық әйел ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлады
Фото: pixabay.com

Көкшетаулық әйел 17 жастағы ұлының өліміне тіс дәрігерін кінәлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, ұлы жаз бойы Қызылжар ауылындағы стоматологиясында тісін емдеп жүрген. Кейін баланың жағдайы күрт нашарлап, алдымен жансақтау бөліміне, кейін комаға түскен. Ал 10 күннен кейін жасөспірім көз жұмған. Әйел дәрігерлердің тиіс жаза алуын сұрап отыр. 

"Қайғылы жағдайға тап болдым. Кәмелетке толмаған ұлым қайтыс болды. Бұл - дәрігерлердің кінәсі. 7 жыл бұрын күйеуімнен айырылдым. 3 баланы жалғыз өсірдім. Биыл жазда ұлым тісін емдеді. Шілде, тамызда емханаға барып жүрді. Артынша ұлымның қызуы көтерілді. Температурасы 42-ге дейін көтеріліп кетті. Жедел жәрдем шақырдық, олар келді, бірақ ұлымды ауруханаға жатқызбады. Олар оның қан қысымы мен температурасын өлшеді де кетті. Жедел жәрдем келгенде температурасы 39,7 болған. Дәрігерлер ұлымның тамағы қызарғанын айтып, Қызыл маймен емдеуге кеңес берді. Келесі күні 12-де ауруханаға келсін деді. Баламды інім апарды, алайда дәрігерлер тағы келесі күні келсін деген. Ұлым ата-анамның үйінде еді. Сол күні ата-анам хабарласып, оның жағдайы тіптен нашарлап кеткенін, жедел жәрдем шақырғанын айтты. Дәрігерлер оны ауруханаға алып кеткен. Мен жұмыстан сұранып, ауруханаға бардым. Ұлымның түрі өзгеріп, беті қисайып кетті", - дейді әйел. 

Оның айтуынша, ұлы оң аяғын баса алмай қалған. Кейін тіпті оң жақ бөлігі жұмыс істемей қалған. 6 қыркүйекте дәрігерлер баланы жансақтау бөліміне жатқызған. Әйел келесі күні келіп, дәрігерлердің қағаздарына қол қойған. Сол күні кешке бала 1-дәрежелі комаға түскен. 

"Ұлым 10 күн комада жатты. Кейін дәрігерлер консилиумы өтті. Инфекция тіс арқылы өткенін айтты. Тіс дәрігері қалай білім алған? Дипломын қалай алған? 16 қыркүйекте кешкі 7-ге таман жансақтау бөлімінен хабарласып, ұлымның жүрегі тоқтап қалғанын жеткізді. 2 күннен кейін ұлымды жерледім. 28 қыркүйекте прокуратураға арыз жаздым. Дәрігер бәрін мұқият тексеруі керек еді ғой. Мұндай жағдай тағы бір әйелмен болды, ол Астанаға барып, аман қалды, ал менің ұлым қайтыс болды. Дәрігерлердің кесірінен ұлым о дүниеге аттанды. Енді барлық кінәні ұлыма артады, дәрігерлер бір-бірін жабуға тырысады", - деді әйел. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Будни Кокшетау (@budni_kokshetau)

Massaget.kz тілшісі бұл жағдайға қатысты Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдады. Олардың айтуынша, бұл іске қатысты арнайы комиссия құрылады. 

"Істің мән-жайын анықтау үшін "Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы" ММ жанынан тексеру жүргізу және бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін арнайы комиссия құрылады", - делінген жауапта. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек