Қазақстанда ер мұғалімдер аз: елде педагогтерге қатысты статистика қандай?

Қазақстанда ер мұғалімдер аз: елде педагогтерге қатысты статистика қандай?
Фото: otyrar.kz

Биыл Қазақстанда педагогтердің кәсіби мерекесі - Мұғалімдер күні ресми бекітілді. Енді Ұстаздар күні 5 қазанда атап өтіледі. Елімізде қанша ұстаз бар? Педагогтердің орташа жалақысы қандай? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді. 

Бұған дейін мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді. 

Айта кетейік, дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйытқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері "Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар" құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Статистика не дейді?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді.

Ал нақты мектепте 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 274 310-ы әйелдер, 66 648-і ер адамдар. 

Мектепте еңбек өтілі: 

  • 10 жылға дейінгі мұғалімдер - 139 000
  • 10 жылдан 20 жылға дейін - 98 690
  • 20 жылдан 30 жылға дейін - 64 013
  • 30 жылдан және одан көп - 39 254 

Мектепке дейінгі мекемелерде: 

94 648 әйел адам болса, 2540 ер адам жұмыс істейді. Оның ішінде: 

  • Еңбек өтілі 10 жыл - 64 051
  • 10-20 жыл жұмыс істеген - 20 083
  • 20-30 жыл еңбек еткен - 8320 
  • 30 жылдан көп жұмыс істеген 4734 мұғалім бар. 


Фото:elements.envato.com

Техникалық және кәсіби білім беретін 36 315 мұғалім бар. 

Бұл салада да адам саны бойынша көш бастап тұрған әйел адамдар. Яғни 24 455 әйел ұстаз болса, 11 860 ер адам бар. 

Еңбек өтілі бойынша: 

  • 10 жыл істеген - 19 034 маман
  • 10-20 жыл жұмыс істеген 8 756 маман 
  • 20-30 жыл қызмет еткен 5 004 маман 
  • 30 жылдан көп жұмыс істеген 3 521 маман бар. 

Жалақы мәселесі

Бүгінде педагогтерге жалақыдан бөлек, аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санатын қорғаса қосымша үстеме ақы төленеді. Биылдың өзінде 350 мыңнан аса педагогтің 220 мыңнан астамының жалақысына үстеме ақы төленеді. Мысалы:

  • ұстаз педагог-шеберге деңгейін қорғаса айлығына жалақысының 50 пайызы қосалса
  • педагог- зерттеушіге 40 пайызы
  • педагог-сарапшыға 35 пайызы
  • педагог-модераторға 30 пайызы қосылады.

Еліміз бойынша барлығы 73 820 педагог-модератор, 81 168 сарапшы, 71 141 зерттеуші, 3482 шебер бар екен.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Айта кетейік, зейнеткерлік жасына 4 жыл қалған педагогтер, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде тестілеуден босатылатын болады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100 пайызға - екі есеге арттырылды. Яғни төрт жыл ішінде жыл сайын мұғалімдердің жалақысына 25 пайызы қосылып отырды. Сондай-ақ биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру педагогтерінің еңбекақысы 30 пайызға көбейтілді.

Ұстаздарға тағы қандай қосымша үстемеақылар қарастырылған? 

2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге біржолғы сыйақы беріледі. Мысалы: 

  1.  бірінші дәрежелі диплом және алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 26,5 еселенген мөлшері;
  2. ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 17,5 еселенген мөлшері;
  3. үшінші дәрежелі диплом және қола медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.

Қызық жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина