Шымкентте бір топ жігіт ұрыға білмей көмектескен

Шымкенттің Абай аудандық полиция басқармасының 102 арнасына жергілікті тұрғын үйінің ауласындағы автотұрақтан мопед ұрланғанын айтып арызданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Келтірілген материалдық шығын көлемі – 400 мың теңге.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарына кірісті. Жедел басқару орталығының көше камераларын тексеру кезінде ұрлық болған маңнан бір топ жігіттің мопед сүйреп шыққаны көзге түсті. Кейін, жас жігіт олардан "бұзылған мотокөлігін" жолдың шетіне дейін шығаруға көмек сұрағаны анықталды.

"Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде заң бұзушы тұрғылықты мекенжайында ұсталды, мопед тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдікті ұрланған мүлікті 2 шақырымға дейін жалғыз сүйреп, өз үйіне жеткізгені белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Абай аудандық полиция басқармасының тергеушісі Мұхтархан Дүйсенбаев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!