"Шет елдегі көрерменнің ықыласы әлі көз алдымда". Құрманғазы оркестрінің бас дирижері сұхбат берді

"Шет елдегі көрерменнің ықыласы әлі көз алдымда". Құрманғазы оркестрінің бас дирижері сұхбат берді
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің баспасөз қызметі

Ұлттық аспаптар - қазақ халқының сан ғасырдан келе жатқан, атадан балаға қалған құнды мұрасы. Әрі ол - қазақтың тарихымен біте қайнасқан, ұлттың күллі қасиетін бойына тоғыстырған киелі мұрасы. Қазақ халқының рухани құндылықтарын дамытып, төл мұрамызды әлем елдеріне танытып жүрген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қазақ мәдениеті тарихында қашан да алар орны ерекше. Ал биыл бұл ұжым мерейлі 90 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр. Қазақтың ұлттық өнерін насихаттап, рухани мұрасын ұлықтап жүрген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергенмен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты. 

Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің тарихы сонау 30-жылдардан басталады. Дәлірек айтсақ, Құрманғазы оркестрі 1934 жылы академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бастамасымен құрылған.

"Әуелде кішігірім ансамбль болған өнер ұжымының құрамында 11 артист өнер көрсетті. Уақыт өте келе ансамбль құрамы кеңейіп, 1944 жылы Құрманғазы атауын алды. Әрине, әлемге әйгілі оркестр бүгінгідей деңгейге жету үшін, халықаралық және дүниежүзілік атақтарға ие болуы үшін аянбай еңбек етіп, тер төкті. Ахмет Қуанұлының салып берген дара жолы бізге зор үлгі болды", - дейді оркестр тарихы туралы бас дирижер Абылай Тілепберген.

kurmangazy.com

Бір ғасырға жуық тарихы бар оркестр құрамында қазақ халқының талантты ұл-қыздары өнер көрсеткен.

"Құрманғазы оркестрінде қазақтың маңдай алды ұлдары мен ай жүзді қыздары еңбек етті. Қазақтың ерке қыздары Бибігүл Төлегенова, Күләш Бәйсейітова, Роза Бағланова, сонау Ахмет Жұбановтан бері алсақ, төл шәкірті Нұрғиса Тілендиев, даңқты дирижерлар Айтқали Жайымов, Алдаберген Мырзабеков, Дүйсен Үкібай, бүгінде ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Жүдебаев Арман Әділханұлы да Ұлттық оркестрді өрге сүйреген бас дирижердің бірі. Жалпы киелі қара шаңырақтан өсіп, өркендеген таланттар бүгінде ел мүддесі үшін қызмет етіп жүр", - дейді оркестрдің бас дирижері.

voxpopuli.kz

Бас дирижер Абылай Тілепберген оркестр құрамында қанша композиция бар екенін айтты.

"Оркестр репертуарына келер болсақ, 90 жыл ішінде Құрманғазы оркестрі концерттік бағдарламасын 3000-ға жуық отандық және әлемдік танымал классикалық туындылармен және ұлттық композициямен толықтырды. Бұл де біз үшін үлкен жетістік", - дейді ол.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің баспасөз қызметі

Биыл оркестр 90-маусымының тұсауын кеседі. Бас дирижер Абылай Тілепберген биыл қандай шаралар жоспарланып отырғанын таныстырды.

"Биыл Құрманғазы оркестрі мерейлі 90-шы маусымның тұсауын кесті. 90-шы маусым жағымды жаңалықтарға, жаңа тың жобаларға, концерт-спектакльдер мен шет мемлекетке және ел ішіне жоспарланған мега жобалармен ерекшеленбек. Ал 90 жылдық концертіміз еліміздің мәдени-рухани астанасы Алматы шаһарында және елордамыз Астана қаласында республикалық деңгейде атап өтіледі", - дейді бас дирижер.

Абылай Тілепберген бұл ұжымға 5 жыл бұрын келген. Осы кезең ішінде оркестр тарихында маңызды жаңалықтар болған.

"2018 жылы Құрманғазы оркестріне бас дирижер болып келдім. Осы жылдары Ұлттық оркестр алғаш рет "Оркестр түні, Әлемдік хиттер", "Классикалық музыка кеші", "Миллион, миллион раушан гүл", "Қазақ-қырғыз тартуы", "Аманат" концерт спектаклі сынды ауқымды жобаларды жүзеге асырды. 2019 жылы Ресей Федерациясының Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының әлемге танымал "Геликон опера", "Михайловский театр" коцнерт залдарында, Испания корольдігінің Мадрид қаласында, Өзбекстан, Қырғызстан сынды ТМД елдерінде, Мысыр Араб Республикасында, Италия Республикасының Рим, Неаполь қалаларында өнер көрсетті", - дейді бас дирижер.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің баспасөз қызметі

Мемлекет қашан да қазақтың рухани мұрасын дамытуды, насихаттауды бірінші орынға қояды. Бұл орайда Мемлекет деңгейінде қазақтың ұлттық өнеріне қатысты түрлі жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен орынды. Соның ішінде шетелдерге гастрольдік сапарларды да ерекше атап өтуге болады.

"Мемлекет тарапынан тек оркестрге емес, жалпы өнерге деген жылулық, қамқорлық лебі сезіледі. Әр жобаларымыз, шет елдерге гастрольдік сапарларымыз бәрі-бәрі тікелей мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатыр", - дейді Абылай Тілепберген.

Ал әлем халықтарының қазақтың дәстүрлі өнеріне деген қошемет-құрметі үнемі ерекше. Бас дирижер Абылай Тілепберген де кейінгі сапарлар Мысыр Араб Республикасына мен Италия Республикасына болғанын, бұл елдер де көрермен ыстық ықыласын көрсеткенін жеткізді.

"Дүниежүзі халықтары қазақтың өнерін ерекше ықыласпен қабылдайды. Соңғы мәрте биылғы жылдың маусым айында Мысыр Араб Республикасында және Италия Республикасында болып қайттық. Сол сапарымыздағы көрерменнің қошеметі, шексіз ықыласы әліге дейін көз алдымда", - дейді бас дирижер.

Айта кетейік, Құрманғазы оркестрі биыл Италия астанасы Рим қаласындағы атақты Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында алғашқы концертін өткізген еді. Гастрольдік концерт Еуропаның мәдени-тарихи орталығының Рим, Неаполь қалаларында аншлагпен өтті. Рим қаласындағы әйгілі Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында және Неаполь қаласындағы Teatro Diana ғимаратына жиылған қалың жұртшылық, италиялық талғампаз көрермен, өнерсүйер қауым қазақ музыкасы мен ұлттық аспаптардың сазды үніне тамсанып, таңданыстарын жеткізді. Құрманғазы оркестрінің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған гастрольдік концертте Ұлттық оркестрмен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, Халықаралық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан, Ақайша Жұрбай, Raffaele Collienza, Рим қаласындағы Санта Чечилия музыкалық консерваториясының түлегі Лаура Али өнер көрсеткен еді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің баспасөз қызметі

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова