Астанада 80-нен аса адамды алдаған қаржы пирамидасы анықталды

Елордада Sterling Invest компаниясы қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша Sterling Invest ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Компания құрылыс материалдарын сатып алу үшін салымшылардың қаражатын тартып, 20 пайыздан 40 пайызға дейінгі мөлшерінде сыйақы беруді уәде етіп, заңсыз әрекеттерді жүзеге асырғаны анықталды.

"Инвестицияның ең төменгі сомасы – 200 мың теңге. Төлемдер келісім шарттарына сәйкес 15 күннен 35 күнге дейінгі мерзімде іске асырылады. Сондай-ақ MegaSnabGroup.KZ және "Азия Сталь Казахстан" ЖШС еншілес кәсіпорындары анықталып, олар да сыйақылардың үлкен пайызын уәде етіп, құрылыс материалдарын сату және инвесторлардың қаражатын тарту бойынша ойдан шығарылған қызметпен айналысады. 

Сонымен қатар, компаниялар әрбір әкелінген инвестор үшін инвестиция сомасының 5 пайыздан 10 пайызға дейін қосымша табыс алуға уәде береді. Сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға үй қамауы түріндегі бұлтартпау шарасы ретінде санкция берді", - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде 80-нен аса адам жәбірленуші ретінде танылып, оларға жалпы сомасы 250 млн теңгеден аса материалдық шығын келтірілген.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!