Биыл мемлекеттік органдардың ресурстарына 163,4 миллион кибершабуыл жасалған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Мемлекеттік техникалық қызмет" акционерлік қоғамына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мекеме қызметімен танысу барысында Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінің қазіргі жай-күйі және қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Президентке Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының, Телекоммуникация желілерін басқару орталығының, сондай-ақ, Компьютерлік инциденттерге қарсы ұлттық әрекет ету қызметінің және Зиян кодты зерттеу орталығының жұмыс процесі мен нәтижелері таныстырылды.

Президентке биыл 9 ай ішінде мемлекеттік органдардың ресурстары мен еліміздің аса маңызды нысандарына жасалған 163,4 миллион кибершабуылға тойтарыс берілгені жөнінде баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ақпараттық инфрақұрылымының тұрақты қызметін қамтамасыз ететін және осы саладағы қауіпсіздікке төнген кез келген қатерге төтеп беретін механизмдерді дамыту маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы бұл қызметті жетілдіру мәселелеріне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!