Ресей Қазақстанға кейбір әртістердің концертін өткізуге тыйым салғаны рас па?

Ресей Қазақстанға кейбір әртістердің концертін өткізуге тыйым салғаны рас па?
Фото: afisha.ru

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік Максим Галкиннің концертінің Қазақстанда өтпей қалуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Менің ойымша, Максим Галкиннің (Қазақстанда) концертінің өтпеуінде саяси астар жоқ", - деді ресми өкіл СІМ-де баспасөз мәслихатында.

БАҚ өкілі әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Ресей тарапынан Қазақстанның ресми органдарына кейбір әртістердің концертін өткізуге тыйым салынған болуы ықтимал екенін жеткізді.

Айбек Смадияров бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

"Мұндай хаттың жолданғанын бірінші рет естіп тұрмын. Егер хат жолданған күннің өзінде концерттерді өткізу немесе өткізбеу мәселесі Қазақстанның мәдениет саласындағы органдардың құзіретінде. Халық кімді тыңдап, кімді тыңдағысы келмейтінін өзі шешеді. Өнер мен мәдениет саясаттан тыс болуға тиіс", - деді ресми өкіл.

Еске салайық, бұған дейін Астанада 8 қазанға жоспарланған Максим Галкиннің концерті өтпейтіні хабарланған еді. Техникалық жұмыстарға байланысты Астанадағы Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" залында жоспарланған бірнеше концерт өтпейтін болды.

2023 жылғы қазанның 4-10 күндері аралығында "Астана су арнасы" МКК қала аумағында, соның ішінде "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы" МКҚК орналасқан "Qazaqstan" орталық концерт залының маңындағы аумақта су құбыры желілерінде техникалық жұмыстар жүргізетіні хабарланған болатын.

Осы кезеңде су берілмейтініне байланысты "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" МКҰ" МКҚК әкімшілігі қонақтарды қабылдауға және бұл аралықта кез келген іс-шараны өткізуге мүмкіндік болмайтыны туралы хабарлайды.

Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" МКҰ-ның жоспарланған концерттері: 4 қазан - "Халық қазынасы" ұлттық өнер орталығының солисі Әлихан Дүйсенбайдың концерті, 6 қазан - "Халық қазынасы" ұлттық өнер орталығының солисі Айзат Қарабектің концерті, 7 қазан - "Қазақконцерттің жас таланттары" концерті болмайды.

Сонымен қатар, 8 қазанға жоспарланған Максим Галкин концертінің Ұйымдастырушысы техникалық жұмыстар жүргізілуі бойынша мемлекеттік органның актісіне сәйкес, туындаған жағдай туралы ресми түрде хабарландырылғанын, Келісім-шартты біржақты бұзу туралы тиісті хабарлама жолданғаны хабарланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина