Қытайда "Кока-Кола" сантехникалық құрал деп танылғаны рас па?

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Қытайда танымал "Кока-кола" газдалған сусыны ресми түрде сантехникалық сұйықтықтар санатына ауыстырылатыны туралы жаңалықтарға қатысты пікірлерін жазып жатыр. Желідегілер бұл сусынды ішпей тұрып жақсылап ойлануға кеңес берген. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Қытай тілінде "Кока-кола", "Қытай" және "сантехника" кілт сөздерімен іздеу еш нәтиже бермеді. Бірде-бір ірі қытайлық БАҚ-та немесе ресми сайтта мұндай ақпарат шықпаған. Ал осы сөздерді орысша жазып көргенде, бұл жаңалықтың бастапқы көзі тез табылды.

Бұл - "Панорама" сатиралық порталынан тараған ақпарат. Бұл портал шынайы жаңалықтарды жылына бір рет - 1 сәуірде жариялайды. Дәл осы ақпарат 2018 жылғы 25 тамызда шыққан, яғни бұл - әзіл.

Осыған қарамастан, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары сатиралық порталға сеніп, жаңалықты шынайы деп таратқан. Содан бері ол Желіде мезгіл-мезгіл талқыланып, қызу пікірталас тудырып жатыр. Мәселен, хабарлама 2018 жылы, содан кейін 2019 жылы талқыланған, енді 2023 жылы тағы да адамдардың назарын аударды.

Олай болса, Қытайда "Кока-кола" сантехникалық сұйықтықтар санатына енгізілгені туралы ақпарат - Желі қолданушылары бес жылдан бері шындық деп келген әзіл.

Тағы да оқи отырыңыздар: Жүннен тоқылған киімдерді қалай жуған дұрыс?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз