Covid-19 қарсы вакциналарда бронхит белгілерін тудыратын зат бары рас па?

Telegram мессенджерінде пайдаланушылар COVID-19-ға қарсы "Спутник-V" вакцинасында бронхит белгілерін тудыратын қауіпті зат бар деп жазды. Бұл вакциналардың көмегімен адамдарды әдейі улап, препараттың жанама әсерлерін COVID-19 жұқтырудың белгісі деп айтылатынын дәлелдейді екен. Алайда Stopfake.kz мәліметінше, бұл жалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Таралған роликте ЭДТА немесе этилендиаминтетрацет қышқылы деп аталатын зат туралы айтылған. Ол "Спутник-V" вакцинасының құрамында бар және бұл құпия емес.

ЭДТА – бұл фармацевтикада ғана емес, жеңіл өнеркәсіпте де қолданылатын адамға зиянсыз зат. Мысалы, ол көптеген сусабындар мен косметикалық өнімдердің құрамына кіреді. Бұл қышқыл өнімнің қауіпсіздігін және оның түрін қамтамасыз ету үшін қажет. Сусабындардың құрамында ЭДТА судың қаттылығына қарсы әрекет етіп, сусабынды пайдаланған кезеңде оның қасиеттерін өзгертуге мүмкіндік береді.

Медицинада ЭДТА радиоактивті металдарды ағзадан шығару, қанды сақтау және тағы басқалар үшін қолданылады.

Вакциналарда ЭДТА вакцинаның негізгі белсенді компоненті болып табылатын аденовирустық векторға бекітілген SARS-CoV-2 коронавирус ақуызын сақтау үшін қолданылады.

ЭДТА-ның уыттылығы төмен және медицина мен жеңіл өнеркәсіпте қолданылатын шағын дозаларда адамға ешқандай әсер етпейтіні ғылыми дәлелденген. Сондай-ақ, ЭДТА теріге әсер еткенде немесе ішкенде бронхит белгілерін тудыратынына ғылыми дәлелдер жоқ.
Олай болса, таралған хабарлама жалған. COVID-19 қарсы вакциналарда бронхит тудыратын заттар жоқ. Препаратты өндірушілер өз өнімін жасау кезінде адамдарды улауды көздемеген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!