Астанада "комфорт-плюс" санатындағы үй жынойнаққа айналған

Жайлы жер деп алғаны нағыз жын ойнақтаң ордасына айналып шыға келген. Астанада "комфорт плюс" санатындағы үй жезөкшелердің мекеніне айналыпты. Тұрғындар еш рұқсатсыз мердігер компанияның төменгі қабатты хостелге айналдырғанына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тіптен күні кеше қонақүйдің қос тұрғыны ішімдікке сылқия тойып алып, бір-бірінің басын жарып, көзін шығарған. Қазір бұзақылар уақытша ұстау изолятарында. 

Астанаға жуырда ғана қосылған Нұра ауданындағы "Табысты" кешенінің тұрғындары түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған. Оған себеп те жоқ емес. Онсыз да жұмыстан шаршап келген жұрт кеш қарая төменгі қабаттағы хостелден әләулайға басқандардың жеке "концерті" мен қанжоса төбелестерін аңдып әлек.

Қонақүйде шағын 12 бөлме бар. Тұрғындардың айтуынша, қуықтай-қуықтай 7-8 шаршы метр тар бөлмелерді хостел иесі 35 мың теңгеге жалға береді екен. Ең сорақысы, бұл хостелдің кіреберіс есігі бірден балалар алаңқайына шығып тұр. Жергілікті тұрғындар балаларымызды кешқұрым далаға шығаруға қорқамыз деп отыр.

"Міне, қасымызда дүкен тұр, арақ-шарап сатылады. Соны ішкен адам, шеккен адам не істеп, не қойғанын білмейді ғой. Алаңдайтынымыз - екінші қабаттағы балалар ойнайтын алаң. Балаларымыз сыртқа шығып кетпесін, көшеге шығып кетпесін деп, салынған. Бұл өзі "комфорт" деп аталады", - дейді сол үйдің тұрғыны Мұрат Бұрашев.

Хостелдің дәл іргесінде азық-түлік дүкенінен ішімдікке сылқия тойып алып, төбелес шығарғандарды полиция күнара алып кететін көрінеді. Тұрғындар кейінгі кезде "жеңіл жүрісті қыздарды" да көретін болдық" дейді.

"Сейсенбі күні таңғы бес-бес жарым уақытында біз шудан оянып кеттік. Ұйықтап жатқан жерде қатты дыбыстар шықты, айқай-шу болды. Бізге ештеңе көрінген жоқ. Аулаға қарадық. Ештеңе көрінбеді. Түске қарай көршілерден естідік, төбелес болған, полиция келген. Ішіп алған кісілер теңселіп, әрі-бері жүреді. Ішкіш адамдардың түрі белгілі болады. Соларды көргеніміз рас", - дейді Нұржамал Әлиханова.

Ал хостелдің тікелей қожайындары тұрғын үйдің бірінші қабатын қонақүйге айналдырғанда тұрған ештеңе жоқ дейді. Сөздерінше, қайта төмен бағаға үйсіз-күйсіз жүргендерге баспана беру - сауап жинарлық іс. Ал бір-біріне жұдырық ала жүгіретін хостел "батырлары" әр үйде болуы мүмкін дейді.

"Заңға сәйкес, үйді салған құрылыс компаниясына ғимараттың бірінші қабатындағы жайлар тиесілі. Ол жерді кімге жалға беремін десе де өз еркі. Ал бұл жерде хостелді өзіміз ашып отырмыз. Яғни "Табысты" тұрғын үй кешенін салған мердігер компания. Заңды бұзған адамдарды бірден қуып шығып жатырмыз. Түптеп келгенде, төбелеске барлық адам баруы мүмкін ғой", - дейді Тұрғын-үйге жауапты компания директорының орынбасары Тимур Сипатов.

Сондықтан бұл үйдің тұрғындарына бірігіп хостел қожайынына қарсы әкімдікке шағымхат жазудан басқа амал жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз