Комиссияға арналған дәретхана қағазы: министрлік қысым көрсетіліп жатқанын айтқан оқушыға қатысты жауап берді

Ақтау мектептерінің бірінің оқушысы білім ошағының дәретханасында комиссия келетін уақытта сабын мен дәретхана қағазы пайда болғаны туралы видео жариялаған болатын. Оқушы осы жағдайдан кейін қысым көріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев оқушы түсініктеме жазғанын жариялады. Ал блогер жариялаған видеода қыз мектеп әкімшілігі ата-анасына айыппұл салынатынын айтып, жарыстарға жібермегенін жеткізеді.

Бұл мәселеге қатысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдері жауап берді.

"Мектептің санитариялық торабында ұзақ уақыт бойы сабын мен қағазы жоқтығы туралы хабарлаған балаға көрсетілген қысымға қатысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті баланың анасымен байланыста және оның құқықтарының бұзылуына жол бермейді. Біздің басты міндетіміз - әр бала үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету. Бұны барлық білім беру ұйымдарының басшылары да түсінуге тиіс", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ведомство өкілдері әр оқушы пікірін білдіруге құқығы бар екенін мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында баланың сөз бостандығына, өз пікірін білдіруге, өзінің қоғамдық ұстанымын дамытуға құқығы бекітілген. Білім беру ұйымдарының барлық басшылары оны нақты біліп, балалардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға көмектесуге тиіс. Тәрбие процесінде тыйым салу, қорқытуға жол берілмейді! Біз өз ұстанымын белсенді түрде білдіретін және оның құқықтарының бұзылуы туралы хабарлаған әрбір баланы қолдаймыз", - делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Ақтау мектептерінің бірінің оқушысы білім ошағының дәретханасында комиссия келетін уақытта сабын мен дәретхана қағазы пайда болғаны туралы видео жариялағаны хабарланған еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Гемоглобинді қалай көтеруге болады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!