Екібастұзда ер адам бомба туралы жалған ақпарат бергені үшін 3 жылға сотталды

Бұрын терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін жауапқа тартылған ер адам өз қателігінен сабақ алмай, бомба туралы айтып, қайта қоңырау шалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Ол бірінші қылмысын 2019 жылғы мамырда жасаған. Сол кезде оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бірақ қала тұрғыны пробация қызметінің есебінде тұрып, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған. Сондықтан сот бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы шешім қабылдады.

1 жыл 26 күнді, яғни өзінің өтелмеген мерзімін Екібастұз тұрғыны қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізді. Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам тағы да осындай қылмыс жасады. Былтыр желтоқсанда полицияға қоңырау шалып, әкімдік ғимаратында бомба барын айтқан.

"Мамандар ғимараттан жарылғыш зат таппады. Қажетті іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде "жалған террорист" ұсталды. Ер адам өз әрекетін мойындап, туыстарымен жанжалдасып қалғаннан кейін осындай қадамға барғанын айтты", - деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті өкілдері. 

"Телефон" террористінің ісі қалалық сотта қаралып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сотталған адам мемлекеттік органдарға 200 мың теңгеден аса сомадағы материалдық залалды және сот шығындарын төлеуге тиіс.

Еске салайық, Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген.

Тағы да оқи отырыңыздар: Жерден Күнге дейінгі арақашықтық қандай? 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз