"Ток соға ма деп қорқамыз". ШҚО-да көпбалалы отбасыларға берілген үйлерге қатысты дау шықты

"Ток соға ма деп қорқамыз". ШҚО-да көпбалалы отбасыларға берілген үйлерге қатысты дау шықты
Фото: Автордан

Зайсан ауданында бірнеше үйдің төбесінен су ағып, тұрғындар аудан әкімдігіндегілердің тезірек шара қолдануларын талап етуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір облыс көлемінде жаңбыр толассыз жауып жатыр. Көпбалалы отбасылар енді берілген жаңа үйлердің төбесінен су сорғалап тұрғанын "жығылғанға жұдырық" десті. Себебі, соңғы бір аптаға жуық уақыт шелекке толған жаңбыр суын сыртқа апарып төгуге мәжбүр.

 Зайсандықтар құрылыстың әу баста сапасыз салынғанын сөз етіп жүрген. Айтып ауыз жиғанша жаңбыр суы жаңа үйлердің төбесінен өтіп кетті. Жағдай ушығып бара жатқан соң ата-аналар мұны телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісе бастады. Баспана төңірегінде басы қатқандардың арасында мүгедек жандар да бар. Айталық, үшінші топтағы мүгедек Армангүл Сәбитованың сөзінше, жаңа үйде үш жылдан бері тұрып жатыр. Сапа жағынан қуантпағаны рас.

"Үйдің төбесі жұқа. Қыста бұрыштары көгеріп кетеді. Ал қазір жаңбыр суы ағып жатыр. Әкімдік бұл жағдайдан хабардар. Олардың ойынша, осы үйімізге шүкіршілік етуіміз керек екен", - деді ол.

Ал бейнежазбалардың бірінде шамның дәл жанынан ағып тұрған суға қарап, үй иелерінің бірінің "тоқ соғып кете ме?" деп қорқып тұрғаны байқалады. Мұндай жағдай болған да көрінеді. Көпбалалы ана Әсемгүл Бауыржанқызының сөзінше, баласы ойнап жүргенде арқасына су тамып, тоқ соққан.

Аудан әкімдігі өкілдері бұл үйлердің "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынғанын алға тартты. Күздің суығында дабыл қаққан зайсандықтардың ортақ ойы сол, жұмыс жүріп жатқанда сапаға мән берілмеген. Шенеуніктер төбесінен су аққан үйлердің ешбірі апаттық жағдайда еместігін, әу баста сапасы да қанағаттанарлық жағдайда болғанын жеткізді. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді бірнеше жеке құрылысшы салғанын, оны ешкім қабылдап алмағанын айтты.

"Құрылыс жұмыстары аяқталған соң баспаналды арнайы комиссия қабылдап алған жоқ. Себебі аталған тұрғын үйлер жеке құрылысшылар тарапынан салынып, қолданысқа да өз есептерінен енгізілді", – делінген мәліметте.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы