Тауардың сөреде және кассадағы бағасы сәйкес келмесе, не істей аламын?

Тауардың сөреде және кассадағы бағасы сәйкес келмесе, не істей аламын?
Фото: pixabay.com

Соңғы кезде еліміздің азық-түлік сататын дүкендер желілерінде тауардың сөреде көрсетілген бағасы мен кассадағы бағасы сәйкес келмейтін жағдай жиілеп кетті. Бұл жағдайда сатып алушы дүкен иесінен тауарды баға белгісіндегі құны бойынша сатуды талап етуге құқылы, дейді заңгер Надежда Гельдт және "Право знать" Telegram-арнасының авторы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Право знать" Telegram-арнасының авторы Надежда Гельдттің айтуынша, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" ҚР Заңының 24-бабына сәйкес сатушы тауарды сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы сөрелерде қойылған баға жапсырмасымен ресімделген көрсетілген құнға сәйкес сатуға міндетті, ал тұтынушы тауарды сол бағамен сатып алуға құқылы.

Әдетте, кассадағы баға сөредегіден жоғары болады, оған қарамастан сатып алушы өнімді сөреде көрсетілген бағамен сатып алуға толық құқылы.

Егер сатушы тауарды сөреде белгіленген бағамен сатудан бас тарту арқылы заң нормаларын бұзса, онда ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 190 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Бұл бап Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзуды қарастырады. Бапқа сәйкес, сауда қызметін және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын дара кәсіпкерлердің немесе ұйымдардың кем өлшеуі, таразыдан жеуі, есептен жеуі, тұтынушыларды тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты жаңылыстыруы немесе өзгедей алдауы - жеке тұлғаларға - 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 

Айта кетейік, тұтынушы сатушының үстінен eotinish.kz порталы арқылы шағымдана алады.

Еске салайық, бұған дейін жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен жүргізушілерге қандай жаза қарастырылғаны туралы жазған едік.

Тағы да оқи отырыңыздар, Үй салуға қанша уақыт кетеді?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә