Ахмет Ясауидің шәкірті Жүсіп атаның тарихы жайлы қолжазба жарыққа шығарылады

Ахмет Ясауидің шәкірті Жүсіп атаның тарихы жайлы қолжазба жарыққа шығарылады

Ахмет Ясауидің шәкірті Жүсіп атаның тарихы жайлы қолжазба жарыққа шығарылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш бірнеше ғасырлық тарихы бар көне кітаптар мен қолжазбаларды сақтап жүрген шежіреші қария Сейдәлім Юлдашевпен кездескен. Басқосуда Сейдәлім Нуршиддинұлының қолында сақталған Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты қолжазба мен басқа да көне құжаттарды зерттеу, аудару және ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланған.

Жүсіп атаның ұрпақтары атадан-балаға мирас етіп келген қолжазба көне шағатай тілінде жазылған. Қазақстанда сақталған бөлігінің ұзындығы 3 жарым метр.

"Бұл қағаздардың қолымда сақталып қалу себебі, 8 жасымда атам, 18 жасымда әкем өмірден өтті. Атам әкеме, әкем маған аманаттап кетті. Өткен ғасырда бұл қағаздардың бармаған жері қалмаған. Кеңестік жүйе бұл қағаздарды қолдануға, тарихымызбен шұғылдануға рұқсат бермеді. Ол кезде діни-тарихи жазбаларды сақтаудың өзі қылмыс саналғаны белгілі. Атам Юлдашқожа 1933 жылы "діндар" деп абақтыға жабылған екен. Марқұм әжем мен әкем бұл қолжазбаларды бірде жерге көміп, бірде шатыр бұрышына жасырып, қалайда назарға түсірмеуге тырысыпты. Мен тарихшы емеспін. Бірақ мұра боп сақталып келе жатқан қағаздардың бір күні сұрауы болатынына сенім арттым. Қызығушылықпен мұны оқи алатын кісілерге көрсеттім. Қолжазбада Насабнама емес тарих жазылған екен.

Аудармадан ұққаным Жүсіп атаға қатысты деректер, ханның жарлықтары, жер-су атаулары, халықтың тыныс-тіршілігі жайлы көптеген мәліметтер бар. Жүсіп атамыздың Қожа Ахмет Ясауи бабамызға келе жатқан қонақтарды жемістермен қарсы алып, 12 түрлі жүзім түрлерімен күтіп жіберетіні жайлы сөздер кездеседі. Тарих саласының маманы болмағандықтан менікі жәй ғана қарапайым зерттеу болды. Тарихи деректерді толықтай зерттеу ғалымдардың еншісінде. Қолжазба жайлы ақпарат шыққалы көптеген елден қызығушылық танытып, түпнұсқасын сұраушылар көбейді. Бірақ өз еліміздің тарихы, тұлғалары, ата-бабамыздың шежіресі өзімізде ғана сақталғаны дұрыс. Қуғын-сүргінде дұрыс күтіп-баптауға мүмкіндік болмағандықтан қазір қолжазбаның түпнұсқасы күйреп, ауыр жағдайда тұр", - деді Сейдәлім Юлдашев.

"Халықтың қолында сақталған құнды құжаттарды іздеп табуды да басты назарға алып отырмыз. Жеке қолдағы тарихи мұраларды мемлекет қорғауына ала отырып қаншама белгісіз деректердің бетін ашуға және олардың болашақта жойылып кетпеуіне үлес қосуымыз тиіс. Бұл іске өздеріңіздей жанашыр қариялардың да қосар үлесі зор боларына сенім білдіремін ", - деді Қуат Бораш.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина