Келесте 3 әйел зейнеткердің атынан қомақты несие рәсімдеген

Келесте зейнеткердің атынан ірі көлемде несие рәсімдеген 3 әйел анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Егде жастағы ер адамның айтуынша, оның атынан белгісіз біреулер несие алып, 4 миллион теңгеден аса шығын келтірген. Зейнеткер болған жайттың мән-жайын анықтап, тексеру үшін тәртіп сақшыларынан көмектесулерін сұрады.

Полиция қызметкерлері деректі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.

Жәбірленушінің шағымына сәйкес, алаяқтық қылмысы ашылды. Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтау мақсатында қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар 3 күдікті әйел анықталды. Олар жұмыссыз, жергілікті тұрғындар болып шықты.

Күдіктілер қарияның үйінде күтушісі болып жұмыс істеп, сеніміне кірген. Содан телефонындағы банк қосымшасын пайдаланып, ірі көлемде несие рәсімдеген. Қазір күдіктілерге қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз