Депутат Жаңбыршин шетелден қайтарылған ақшаны энергетика объектілерін салуға жұмсауды ұсынды

Депутат Еділ Жаңбыршин шетелден қайтарылған ақшаны энергетика объектілерін салуға жұмсауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Депутаттың сөзінше, халықаралық рейтингтер бойын­ша, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді. Көптеген сарапшының болжамы бойынша соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанннан 200 миллиард АҚШ доллары сыртқа шығарылған. 

"Осы сыртқа заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң әзірленіп, қабылданды. Биыл шілде айында Президент заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес қайтарылған қаржылар, мүліктерді қайтарудан және өткізуден түскен ақшалар Арнаулы мемлекеттік қорға түседі.

Қайтарылған қаржыларға әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептерді салу басталып кетті. Бұл өте дұрыс қадам. Өйткені өңірлерде үш аусымды оқытуды жою және ескі білім ордаларын жаңалау қажет", - дейді Еділ Жаңбыршин. 

Депутатың айтуынша, болашақта салынатын әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын, сонымен қатар, өңірлеріміздің тұрғындарын тұрақты түрде үздіксіз су, ток, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр.

"Өйткені энергетикалық нысандарымыздың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір нысандарда тозу 100 пайыз жеткен, электр желілердің тозуы орташа есеппен 66 пайыз болып отыр. Биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына - 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке - 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына - 7,2 млрд теңге бөлінді. Жұмыс ресурстары шегіне жетіп, әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Президенттің өткендегі Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет", - дейді ол. 

Сондықтан депутат Жаңбыршин қайтқан қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын - стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет екенін айтты.           

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз