"Ай сайын 300-500 мың теңге төлейміз". Маңғыстаулық фермерлер коммуналдық төлемдерге субсидия сұрайды

Маңғыстаулық фермерлер коммуналдық төлемдерге субсидия сұрайды. Оған қоса, өнімді сататын жер жоқ. Сондықтан бәрі шіріп кеткен. Диқандар мемлекеттен қолдаудың жоқтығына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарақия ауданында көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп отырған диқандар ай сайын тоққа 300-500 мың теңге төлеуге мәжбүр. Себебі, жерасты суын сорып, жасыл желекті тамшылатып суаратын құрылғылар үзіліссіз жұмыс істейді. Сондықтан, электр энергиясы көп жұмсалады. Ал, қыста жылыжайларды жылыту үшін көгілдір отынға да қомақты қаржы жұмсалады. Дайын өнімдерді сату өз алдына бөлек мәселе. Дүкен, базарларға дер кезінде жеткізілмей, бақша дақылдары егістік алқаптарында қурап жатыр.

 "Реализация деген мүлдем жоқ. Екі жыл болды қозғап жүргенімізге. Асар базардан әрең дегенде орын берді, мысалы. Кілең алыпсатарларға беріп қойған. Біз 100 теңгеден апарсақ, олар 250 теңгеден сатады. Жұмысқа адам тартайық десек, 250 мың десең де ешкім келмейді. Келсе, 1 демалыстан кейін қашып кетеді. Оңай емес қой, таңертеңнен кешке дейін күннің астында жүру",- дейді, шаруа қожалығының иесі Бауыржан Төлепов.

Диқандар әсіресе, егін жинау маусымында облысты жергілікті өніммен қамтуға толық мүмкіндік бар бірақ, қолдау жоқтығын айтады.

"Бізде өнімді сататын да, тапсыратын да жер жоқ. Сондықтан бәрі шіріп кетті. Оның үстіне электр энергиясы қымбат. Ай сайын өзім 300 мың теңге төлеймін. Біз мемлекеттің қолдауына мұқтажбыз. Коммуналдық төлемдерге субсидия беруді сұраймыз", - дейді шаруа қожалығының иесі Жақсылық Ибатуллаев.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, оймақта шаруа қожалығын сумен жабдықтауға және минералды тыңайтқыштарды сатып алу ғана субсидия беріледі. Сол үшін биыл облыстық бюджеттен 46 млн теңге бөлінген.

"Кейбір елдерде су тегін. Біздің фермерлерде газ, электр энергиясы, су үшін айтарлықтай шығындар бар. Ресурстардың қымбаттығына байланысты түпкілікті өнім қымбатқа түседі",-дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасысы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев.

Ал кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл көктемгі егін жинау маусымында 80 ге жуық кәсіпкер сауда нүктелерін ашуға рұқсат алған. Ал базарлардағы орындардың жалдау құны қымбат.

"Сондай-ақ биыл Ақтауда көтерме-тарату орталығы ашылады. Сол кезде жергілікті өндірушілерге жалдау құнын төмендету мәселесі қаралады", - дейді басқарма басшысының орынбасары Пікір Сансызбай.

Сая Мәжитқызы

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!