Теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты

Теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстандық теннисші Денис Евсеев Азия ойындарының ширек финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 261-орында тұрған Евсеев үшінші айналымда әлемнің 184-інші, Азиаданың 6-ракеткасы, Тайбэй өкілі Тун-Лин Вумен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта бірінші партияда 2:6 есебімен есе жібергенімен, содан кейін таразы басын өзіне аудара білді – 6:3, 6:4.

Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 78-інші, доданың 2-ракеткасы, жапониялық Йосуке Ватанукимен таласады.

Евсеев – теннистен Қазақстанның Азиадада қалып отырған жалғыз үміті. Басқаларының бәрі жекелей және жұптық сында жарыс жолынан шығып қалды.

Соның ішінде рейтингте 297-сатыдағы Бейбіт Жұқаев әлемнің 159-ракеткасы, үндістандық Сумит Нагалға 6:7 (9:11), 4:6 есебімен жол беріп, ширек финалға шыға алмады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан