28 жастағы қызылордалық жігіт хореографтың оқуын үзіп, hair стилист болып жүр

28 жастағы қызылордалық жігіт хореографтың оқуын үзіп, hair стилист болып жүр
Фото: Автордан

28 жастағы қызылордалық hair стилист Абылайхан Жұмағұл қыз-келіншектер қауымына Абоня есімімен жақсы таныс. Ол сегіз жылдан бері 25 мыңдай адамның түрленгеніне куә болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейіпкеріміз бала күнінде биші болуды армандапты.

"9 сыныптан соң колледжде оқыдым. Оны бітіргесін жұмыс таппай біраз жүрдім. Кейін хореограф мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Бірақ биге қызығушылығым басылып қалды. Оның үстіне өте ұялшақ едім. Бір жылдан кейін оқудан шығып, ауылға қайттым. Өзім сияқты жас жігіттердің шаштараз боп жүргенін әлеуметтік желіден көріп, ынтам оянды. Ауылда қара жұмыс істеп тапқан ақшамды оқуға жұмсап, жұмысқа орналастым", - деді ол.

Тәжірибе жоқ, жұмысты енді бастаған кезде оңайлықпен клиент таба қоймайтын шебердің қазір бос уақыты жоқ. Алды адамнан арылмайды. Ай сайын шамамен 250-300 нәзік жандының шашын сәндеп, алғысын алады.

"Әйел адамдар шашын көбіне үйде өздері бояп алады. Күтім болмағасын шаш ерте ағарады. Сол кезде ғана бізге келеді. Ондай шашты қалпына келтірудің машақаты көп, ұзақ уақыт алады", - деді hair стилист.

Кейіпкеріміз ең қиыны – шаш бояу, онда да клиенттің ойындағы түске келтіру екенін жеткізді. Оған 4-5 сағатын сарп етеді.

"Көп адам салонға келгенге дейінгі және келгеннен кейінгі түрін көріп, көзі жайнап кетеді. Мен өзімді өзім мақтап, клиенттен бетер риза боламын", - деді Абылайхан.

Кейіпкеріміз жақында өз күшімен жеке сән салонын ашты. Бұрыннан үйренген клиенттері шеберді енді сонда іздеп барып жүр.

Назерке Саниязова

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы