Оралдық зейнеткер 45 жыл бұрын өзі салған жатақханада тұрады

Оралдық зейнеткер 45 жыл бұрын өзі салған жатақханада тұрады
Фото: Иван Повытчиков/Мой Город

Оралдық зейнеткер 45 жыл бұрын өзі салған жатақханада тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mgorod.kz басылымына сілтеме жасап.

Құрманғазы көшесіндегі №11 жатақхананы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жұмысшыларына арнап салған. Ғимарат 1978 жылы 28 шілдеде пайдалануға берілді. Бұл туралы қала тұрғыны Пелагея Счастная әңгімеледі. Ол мамандандырылған жылжымалы механикалық колоннада жұмыс істеп, үй салуға қатысыпты. Зейнеткер бір кездері әрлеу жұмыстарын жүргізген ғимаратта қазір өзі тұрады.

Оның айтуынша, үй салу кезінде әр жұмысқа акт толтырылған. Ол құрылыста шамамен 20 жыл жұмыс істеген.

"Бөлмелер тіркеу бойынша берілді. Мысалы, жас жұбайларға. Ол кезде пәтерлер көп жалға берілмейтін. Мен әрлеу жұмыстарымен айналыстым, содан кейін кеңседе шебер ретінде жұмыс істедім, соңында еден жуа бастадым. Балалармен көбірек уақыт өткізу үшін еден жуа бастадым. Оларды мектепке және балабақшаға апару қажет еді, төрт балам бар. Қазір үшеу, тұңғышымды жеті жыл бұрын жерледім. Бұл жатақхана тез салынды, 1977 жылы корпус қойылды, ал 1978 жылы терезелер мен есіктерді орнатуға, әрлеу жұмыстарына кірістік. Маған алғашында үшінші қабаттан бөлме берілді, онда мен, күйеуім, балам үшеуміз тұрдық. Бөлме 12 шаршы метр болды. Тату тұрдық, көршілер де жақсы болды. Суық су да, ыстық су да жүріп тұратын. Ал душ ортақ болды. Ас үй де ортақ болды, ол жерде де суық, ыстық су болды. Дәлізде цистерна болды, оған газ әкелінді. Содан кейін табиғи газ жүргізілді", - деді жатақхана тұрғыны.

Орал тұрғыны тағы бір баласы дүниеге келгенде, бөлме тарылып, үлкенірек бөлме беруін сұрапты. Осы кезде көбі көшіп кетіп, көптеген бөлме босап қалған. Содан кейін бұл отбасы бесінші қабатқа көшкен, оларға екі бөлме берілген.

Қазір Пелагея Ивановна 75 жаста, оның төрт немересі бар, үлкені колледжге түсіп үлгерген, ал кішісі балабақшаға барады.

Орал қаласында 20-ға жуық жатақхана бар және олардың барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимараттар шамамен 1970-1980 жылдары салынған.

Тағы да оқи отырыңыздар: Көлік дөңгелегін қай кезде ауыстыру керек?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова