Таразда атқарылған тірлік жетерлік

Таразда атқарылған тірлік жетерлік
Фото: Орынбеков Бақытжан Әмірбекұлы, Тараз қаласының әкім

Бүгінгі күні Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша шаһардың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуында оң өзгерістер қалыптасқан.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков баян етті. Шаһар басшысының айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 326,4 млрд. теңгені құрап, 106,8 пайызға жетсе, ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 5,4 млрд. теңгені құрап, 100,1 пайызға орындалған.

"Инвестиция – елдің игілігі" деп бекер айтпайды. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мәселен, биыл 2020-2025 жылдарға арналған ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың мембағдарламасы аясында "Дәмді себет" ЖШС-нің "Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыр" жобасы іске асырылды. Жоба құны 700 млн. теңге, жылдық қуаттылығы 2160 тонна өнімді құрайды. Ашылған жаңа жұмыс орны – 105 бірлік. Сондай-ақ қала аумағында 2023-2024 жылдары жалпы құны 32,2 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған жобалар іске асырылғанда 884 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, шаһар аумағында "Тараз" ӘКК" АҚ-да 100 пайыз сенімгерлік басқаруымен "Тараз" индустриялық аймағы ЖШС жұмыс істеуде. Сонымен қатар қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылы 11 ақпаннан бастап әр аптаның сенбісінде Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы "GRAND BAZAАR" сауда кешені алдында 26 жәрмеңке өткізіліп, 687,1 млн. теңгеге 1076 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды.

Шаһарда құрылыс жұмыстары да қарқын алуда. Мәселен, Бас жоспарға сәйкес, Абай даңғылы арқылы "Залиний" алқабын Тараз қаласының орталығымен байланыстыру үшін және Абай даңғылын "Әулие-Ата" ықшамауданы арқылы Кенесары хан даңғылына кептелісті болдырмау үшін көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал 2024-2025 жылы қала аумағынан өтетін «Ұлы дала» ықшам ауданындағы "Түйте" және "Үшбұлақ" каналдары абаттандырылады. Сонымен қатар, шаһар аумағынан өтетін каналдарды абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұған қоса облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында "Дизайн код" жобасы әзірленуде. Аталған жоба негізінде жолдардың реттелуі, жаяу жүргіншілерге барынша жағдай жасау, веложолдар қарастыру, ғимараттардың қас беттерін реттеу қарастырылады. "Ұлы дала" ықшам ауданындағы және "Мамыр" саябағын абаттандыру бойынша эскиздік жоба әзірленіп, абаттандырылады. Сондай-ақ "Тектұрмас" этно-тарихи кешенінің де жасыл желекке бөленер күні жақын", – деген қала әкімі жол жөндеу бойынша шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

Оның сөзінше, ағымдағы жылы ұзындығы 86,8 шақырымды құрайтын 44 жобаны орташа жөндеуге қалалық бюджеттен 3 361 748,9 мың теңге бөлінген.

"Жол - экономиканың күретамыры. Сондықтан да жол жөндеу жұмыстары әрдайым айрықша маңызға ие. Тақтайдай тегіс жол жайлылық сыйлап ғана қоймай, тұрғындар қауіпсіздігінің де кепілі. Бүгінгі күні шаһарда жол жөндеу жұмыстары қарқын алып жатқаны баршаға белгілі. Конкурс нәтижесі бойынша 44 нысанда мердігер анықталып, 15 нысанда асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар Саңырақ батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтуде. Ал көптен бері мәселесі шешілмей келе жатқан "Бурыл" массивінде орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер мекеме – "Арайстроймаркет" ЖШС. Қалған жұмыстар 2024 жылға қарастырылған. Сондай-ақ "Барысхан" тұрғын алқабындағы қоғамдық көлік жүретін негізгі 2 көше жөндеуден өтеді. Қалған көшелер келесі жылы толық асфальтталады. Бұған қоса шаһардағы ықшам аудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеуге "Ерлан и К" ЖШС жұмысын бастады. Одан бөлек саяжай алқаптарына баратын жолды ағымды жөндеуге "НұрАбдрахман жолдары" ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде", – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Облыс орталығында қоғамдық көлік мәселесі қашанда үлкен сұранысқа ие. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін сауалдың көпшілігі осыған байланысты. Соған орай тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында №19 маршрут бағыты "Шалғай Қарасу" алқабына, №55 және №28 бағыттары "Ұлы Дала" (15) ықшам ауданына, №12 және №34 бағыттар "Родничок", "Қайнар"-ға дейін созылды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жиі наразылық туындаған "Шөлдала", "Құмшағал"-ға қызмет көрсететін №54 бағытының кесте саны 5-ке дейін көбейтіліп, жүру аралығы 20 минутқа қысқартылса, қосымша 3 кестемен "Құмшағал", "Көлтоған"-ға – Темір жол вокзалы бағытында қызмет көрсетуді бастады. Тағы бір атап өтерлігі, жыл басынан бері шаһарға 38 жаңа автобус әкелінсе, жыл соңына дейін оның санын 100-ге жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар 36 жаңа аялдама, 9 жарық диодты табло орнатылды.

Басқосу соңында қала әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына тұщымды жауап берді.

Материалды Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz