"Ешқандай да қалыпты емес". Астанада мектептің баспалдағынан құлаған баланың әкесі мәлімдеме жасады

Астанадағы мектепте баспалдақтан құлаған баланың әкесі ұлының жағдайы қалыпты емес екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға осыдан бір апта бұрын болғанымен, мектеп оқушысының екінші қабаттан құлаған видеосы енді ғана тараған. Зардап шеккен оқушының ата-анасы мектеп басшылығына қарсы қылмыстық іс қозғап, баланың ем-домын өтеуді талап етіп жатыр.

"Ашық бас жарақаты. Мұрын сүйегі сынған. Бала демалғанда миға ауа кіріп жатыр дейді. Баланың денсаулығы қалыпты деп жазып жатыр. Ешқандай да қалыпты емес. Ота жасалмаған баланың денсаулығы қалай қалыпты болады? 50 пайыз көзі көрмейді. Екінші көзі минусқа кетіпті бүгін. Балам мүгедек болды. Кім жауап береді?", - деді баланың әкесі Бекжан Қожамқұлов.

Мектеп 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Талай күрделі жөндеу жүргізілгенімен, баспалдаққа жақтау орнату ешкімнің ойына кіріп шықпаған. Ал қызметіне сегіз ай бұрын ғана келген мектеп директоры осыған дейін құзырлы орындар білім ошағының қауіпсіздігін талай тексеріп, кінарат таппай кеткен дейді.

"Мектеп ғимараты 1974 жылы салынған. Мектептің жобасы бойынша мұндай қарастырылмаған. Қазір оқыс жағдайдың қайталанбауы үшін осындай қоршау жасатып қойдық. Мен көріп тұрғанмен, бізді ТЖМ, СЭС тексерді. Мұндай қауіп болған жоқ", - дейді мектеп директоры Дидар Байтасов.

Қазір бала есін жиған. Дәрігерлер денсаулығын орташа ауыр деп бағалап отыр. Дегенмен ақ халаттылар баланың көзі жартылай көрмей қалды деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Нақты ашық бас жарақаты, контизуолог фокусы маңдай бөлігінде. Маңдай сүйектерінің сызықты сынуы, орбиталық ұяның жоғарғы қабырғасының сынуы. Жалпы жағдайы түскен кезде ауыр болды. Екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Қазіргі жағдайы орташа, үлкен консилуим болды. Шешім қабылдадық, қазіргі уақытта ешқандай ота жасайтындай көрсеткіш жоқ", - дейді нейрохирург Серік Қизатуллин.

Мектеп басшылығының сөзінше, оқыс оқиға былай болған: екінші сыныптың оқушылары информатика кабинетіне бара жатқан жолда Темірланды қатарластарының бірі баспалдақтан итеріп жіберген болуы мүмкін. Сатының тірегіш жақтауы болмағандықтан, жеті жастағы ар бала қуыстан лып етіп, төменгі қабаттан бір-ақ шығады. Басы бес жерден жарылған Темірлан екі күн бойы есін жимай, жансақтау бөлімінде де бірнеше күн жатқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!