Белгісіз адамға қателесіп аударып жіберген ақшаны қалай қайтаруға болады?

Мобильді қосымша арқылы ақшаны лезде аудару әрқайсымыз үшін үйреншікті жағдайға айналды. Ақшаны аудару үшін мобильді қосымшада алушының нөмірін теру жеткілікті. Кейде аударым кезінде ұялы телефон нөмірін немесе карта, шот деректемелерін қате теріп қаражат мүлдем бейтаныс адамға кететін жағдай болады. Егер бейтаныс адаммен қаражатты қайтару туралы келісе алсаңыз жақсы, ал келісе алмасаңыз ше? немесе керісінше сіздің шотыңызға бейтаныс адамнан қаражат түседі. Мұндай жағдайда не істеу керегін Massaget.kz тілшісі Fingramota.kz-ке сілтеме жасап түсіндіреді.

Сіз қателесіп, ақшаны бейтаныс адамның шотына аудардыңыз

Сіз телефон нөмірі бойынша жедел төлем немесе аударым жасау кезінде бір саннан қате жібердіңіз. Ақшаны қайтару қиын болғанымен, ол мүмкін. Қаражатты жіберген адаммен хабарласып, жағдайды түсіндіріп, түскен соманы қайтаруын сұраңыз. Ол сізге сеніп, алаяқ деп қателеспеуі үшін шотты тексеруді ұсыныңыз. Алушы сіздің жағдайыңызды түсініп, ақшаны кері аударым арқылы қайтара алады. Егер ол ақшаны қайтарудан бас тартса сотқа жүгініп, ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз бере аласыз, өйткені  ҚР Азаматтық кодексінің заңнамасына сәйкес бұл әрекет "негізсіз баю" ретінде қаралады. Сондай-ақ, сіз ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз.

Егер сіз ақшаны дұрыс емес карта немесе шот нөмірі бойынша қате жіберген болсаңыз, банкке хабарласып, бәрін түсіндіріп, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатынын білуіңіз керек. Бірақ бұл жағдайда банк төлемді біржақты тәртіппен қайтарып бере алмайды. Әр банктің осындай мәселені шешудің өзіндік рәсімі бар. Көбінесе, егер аударым дұрыс емес банктік шотқа жіберілсе, ақшаны алушының келісімімен ғана қайтаруға болады.

Егер қаражат әлі өндірісте болса, онда ақшаны қайтарып алуға болады. Егер сіз қателесіп, тіркелмеген банктің дерегін көрсетсеңіз, төлем жасалмай, ақша автоматты түрде қайтарылады.

Сізге бейтаныс адамнан қате аударым келді, не істеу керек?

Заң бойынша сіз жіберушінің әңгімесін тыңдап, ақшасын қайтару үшін уақытыңызды жұмсауға міндетті емессіз. Дегенмен, ақшаны жөнелтушіге қайтарған дұрыс, өйткені ол кез келген уақытта сізді сотқа бере алады. Бірақ алдымен сіздің шотыңызға шынымен ақша түскеніне, бұл қаржылық алаяқтардың айла-амалдары емес екеніне көз жеткізуіңіз керек.

Түрлі жағдайлар болады. Шотыңызға бейтаныс адамнан түскен ақша сізге тиесілі болуы мүмкін. Мысалы, досыңыз сізге бұрын қарызға алған ақшасын үшінші адамның нөмірінен жіберді немесе жұмыс орнынан қайта есептеу нәтижесінен түскен қаражат. Сондықтан бұл жалған емес, қате аударым екеніне көз жеткізіңіз.  

Есіңізде болсын, алаяқтар көбінесе банк пен басқа қаржы ұйымдарының атынан сіздің шотыңызға белгілі бір соманың түскені туралы SMS-хабарлама жібереді, содан кейін қоңырау шалып, қайтаруды сұрайды. Сондықтан, кері аударым жасамас бұрын, қаражаттың шынымен түскеніне көз жеткізіңіз. Мұны мобильді банктік қосымша арқылы немесе банк операторына ресми нөмірмен хабарласу арқылы біле аласыз.

Ақшаның кімнен және қашан түскенін анықтау үшін мобильді қосымша немесе онлайн-портал арқылы шотыңыздың аударымдар тарихын қарап шығыңыз. Егер сіз ақша аударымының қате екеніне 100 пайыз сенімді болып, жіберуші сізбен байланыспаған болса, банкке хабарласыңыз. Соманы қайтаруға келісім беру туралы жазбаша өтініш жазыңыз, қаржы институты ҚР Заңнамасы бойынша төлемді қайтару рәсіміне сәйкес кері төлем жүргізеді.

Қате аударымның алдын қалай алуға болады?

Ақшаны қате аударудың алдын алу өте оңай. Транзакцияны бастамас бұрын әрдайым мәліметті мұқият тексеріңіз. Басқа шотқа ақша аудару формасын толтырған кезде карта деректемелері мен телефон нөмірін екі рет тексеріңіз.

Тағы бір ақылға қонымды кеңес - алдымен алушының деректемелерінің дұрыстығын екі рет тексеру үшін шағын сома жіберіңіз. Алушы растағаннан кейін қалған соманы қайта жіберіңіз. Бұл жақсы тәжірибе және сіздің транзакцияңыздың алушыға жеткізілуін қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі.

Ақша аударған кезде әрдайым мұқият болыңыз. Бірнеше рет тексеруге жұмсалған бірнеше минут сіздің еңбекпен тапқан ақшаңызды жоғалудан сақтайды.

Тағы да оқи отырыңыздар: Аллергиядан қалай құтылуға болады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!