"Хафиз" күйі 4 айлығында шетінеп кеткен ұлыма арналған". Танымал әнші құпиясын бөлісті

"Хафиз" күйі 4 айлығында шетінеп кеткен ұлыма арналған". Танымал әнші құпиясын бөлісті
Фото: instagram.com/s_zholbarys_official

Әнші, композитор Сейфуллин Жолбарыс ешкімге айтпаған құпиясын бөлісті. Өнерпаз бұл туралы Ұйқым келмейді бағдарламасында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сейфуллин Жолбарыс 4 айлық ұлы шетінеп кеткенін және оған арнап "Хафиз" күйін шығарғанын еске алды. Әншінің айтуынша, 1998 жылы шыққан "Хафиз" күйін ең алғаш рет Асылбек Еңсепов орындаған. Бүгінде бұл туындысы халық арасында кеңінен танымал. Алайда көпшілік күйдің авторы Сейфуллин Жолбарыс екенін біле бермейді. Сондай-ақ, жұрт күйдің шығу тарихын білмегендіктен, кейбір жерлерде орынсыз қойылып жүргенін жеткізді.

"Бір қарасам "Хафизбен" ет тартып жатыр, бір қарасам Түркияда мода көрсетіп жатыр. "Хафиз" - ең бірінші ұлым дүниеге келіп, төрт айлығында шетінеп кеткен кездегі мұң, қайғыдан өмірге келген туынды. Сондықтан бұл қайғылы музыка", - дейді Сейфуллин Жолбарыс.

Желі қолданушылары белгілі күйдің авторы Сейфуллин Жолбарыс екенін білгенде таңғалған.

"Сейфуллин күй шығарған ба?", "Хафиз керемет күй, ол күйді Секен Тұрысбеков немесе басқа күйші шығарды деп ойлағам", "Әр күйдің тарихын білген дұрыс", - деп жазды олар. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Е. Ерболұлы