Елімізде жас ғалымдарға баспана беріледі

Елімізде жас ғалымдарға баспана беріледі
Фото: Tengrinews.kz

Елімізде жас ғалымдарға қолдау көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Енді жас ғалымдарға Үкімет тарапынан жыл сайын 200 баспана бөлінеді. Ал профессорлардың жалақысы жыл сайын 20 пайызға өседі. Бұл туралы Жетісу өңіріне сапары барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Салаға алдағы 3 жылда 650 миллиард теңге бөлінеді. Оның 6,5 миллиард теңгесі ғылымды дамытуға жұмсалады. Ақысыз жұмыс атқаратын Ұлттық ғылыми кеңес мүшелеріне айлық тағайындау жайы да қарастырылып жатыр. Министрлік өз кезегінде өңірлердегі жоғары оқу орындарын дамытуға күш салады. Ол үшін 15 өңірлік, 5 педагогикалық университет таңдалды. Соның бірі – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті. Ведомство басшысы университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, кітапханасы мен телестудиясын көрді. Жатақхана мәселесі де сөз болды.

"Осы жылдың соңына дейін 32 жатақхана тапсырылады. 2-3 жылдың ішінде түбегейлі осы мәселе шешілетін болады. Тағы да бір үлкен жаңалық – ол қабылданып жатқан "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң. Ол заңның ішінде ғалымдардың мәртебесі көтеріледі. Әлеуметтік баспана мәселесі толығымен шешілетін болады", - дейді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина