Бір елде велосипед тебуге шектеу қойылды

Бір елде велосипед тебуге шектеу қойылды
Фото: elements.envato.com

Берлинде велосипед тебуге шектеу қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Еуропаның бас қалалары орталық көшелерді көліктен арылтып, велосипедпен жүретін аумақтарды көбейтуге күш салып жатыр. Бірақ Берлиннің жаңа билігі бұл бағыттағы жобалардан бас тартып, авто жүргізушілер құқығын қорғауға көшті. Берлинде таңғы уақытта велосипед мініп, жұмысына асыққан жандарды көптеп кездестіру - үйреншікті көрініс. Бірақ көшелердің бәрі велосипедшілер үшін қолайлы деп айтуға келмейді. Оның үстіне қаланың жаңа билігі велосипедпен жүретін аудандар құру идеясынан бас тартты. Тұрғындардың да көзқарасы әртүрлі.

- Қалада велосипедпен жүру қиын. Бірақ соңғы 10 жылда веложолдар біршама жақсарған. Десе де Фрайгбург шаһарымен салыстыра алмайсың. Ол жақта велосипедшілер үшін барлық жағдай жасалған.

- Әрине, әр қалада велосипедшілерге арналған орындар болуға тиіс. Бірақ оны көлік жолдарының есебінен шешуге қарсымын. 

Көлік қозғалысына қатысты мәселе қаланың заң шығарушы органында сайлау кезінде қызу талқыланды. Тіпті христиан-демократтар автокөлікке тыйым салынған, велосипедпен жүретін аудандар құру жобасына қарсы саясат ұстанып, жеңіске жеткен. 

"Қаладағы қозғалыс туралы бұрынғы үкімет бекіткен заң велосипедшілерді қолдауға бағытталған еді. Бірақ біз шаһарда барлық көлік түрінің қауіпсіздігі маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Оған жаяу жүргінші, қоғамдық көлік, метро, автобус, теміржол - бәрі кіреді. Олардың біреуіне басымдық беріп, екіншісін елемей қою дұрыс емес", - дейді Христиан-демократиялық партияның берлиндегі өкілі Йоханнес Крафт.

Сарапшылар "Жаңа билік автокөлік жүргізушілердің құқығын ғана қорғаштап, велосипедпен жүретіндердің мүддесін елеусіз қалдырып отыр" деп есептейді.

"Мен христиан-демократтар билік басында тұрғанда, қалада автокөлік жүрмейтін аудандар құру сияқты жобалардың жүзеге асатынына күмәнданамын. Себебі олар Берлиндегі көлік қозғалысы заңына өзгерістер енгізуді ұсынды. Онда велосипедшілерге арналған барлық жеңілдікті алып тастау көзделген", - дейді "Қаланы өзгерту" сараптамалық орталығының өкілі Рагнхильд Соренсен.

Берлиннің жаңа билігі сайлауалды уәдесін орындауға кірісіп те кеткен. Мысалы, бұған дейін тыйым салынған кейбір көшелерге көліктер қайта оралған. Бірқатар ауданда веложолдар салу тоқтатылған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова