Мектептерде вакцинасы бар пластырь таратылғаны рас па? Министрлік жауап берді

Қазнетте тараған видеода әлемнің барлық еліне COVID-19 қарсы вакцинасымен инесі бар пластырь жеткізілгені айтылған. Оның айтуынша, пластырь мектептерде таратылған. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап. 

Видеода ғалымдар кейінгі ондаған жыл бойы вакцинасы бар пластырь жасап жатқаны айтылған. Оның мәні - вакциналарды осындай жапсырмалармен тері арқылы инъекциясыз енгізу. Бұл салада бірнеше түрлі әзірлеме бар.

Басылым мәліметінше, әлемнің ешбір елінде мұндай технология мақұлданбаған және клиникалық сынақтардан тыс адамдарда қолданылмайды. 

Қазақстанда да мұндай вакциналық пластырь жоқ. Оны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері растады.

"ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өкілдері әлеуметтік желілерде тараған инесі бар пластырь туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын және фейк екенін хабарлайды. Балаларды вакцинациялау оның заңды өкілдерінің ақпараттандырылған ерікті келісімімен ғана жүргізіледі. Сондықтан жалған (фейк) ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз, ресми дереккөздерден тараған ақпаратты ғана пайдалануға шақырамыз", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері. 

Демек, таралған хабарлама - фейк. Елімізде вакцинасы бар пластырь жоқ.

Тағы да оқи отырыңыздар: Телефон неге қызып кете береді?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!