"5 миллион не үшін береді?" Шымкентте алты адамды қаққан автобус апатына қатысты сот басталды

"5 миллион не үшін береді?" Шымкентте алты адамды қаққан автобус апатына қатысты сот басталды

Шымкентте алты адамды қаққан атышулы автобус апатына қатысты сот басталды. 5 айға жалғасқан тергеуден кейін зардап шеккендердің барлығы сот залына жиналды. Олар салғырттық танытқан автобус жүргізушісін тиісті түрде жазасын алуды талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

"Моргқа кірдім, жатыр. Қызымның үстіндегі көйлегінен таныдым. Қалпағы былай ашылып кеткен. Шашы жайылып ұзын боп жатыр. Арғы жағын білмеймін. Шыққасын құлап қалдым", - дейді Алтынай Тұңғатаева.

Автобус апатынан жалғыз қызынан айырылған Алтынай Тұңғатаева перзентінің ұзату тойын көру арманым еді дейді. Алайда арманын бір автобус күлге айналдырған.

"Мен бұл жерде жүргізушінің кінәсі деп ойлаймын. Рычагын қойып сөйту керек қой, адам сияқты. Жазықсыз қызым кетті. Асыраушым, барым да еді. Қатаң жазасын алсын. Бес адамның қаны кетіп отыр ғой. Жүргізуші жазықсыз дегенге сенбеймін. Неге рычагын қоймайды? Неге қырға қойып кетеді?", - дейді марқұмның анасы Алтынай Таңғұтаева.

Ал Құралбек Егізбаев бауыры Азизаның артында 5 бірдей баланың қалғанын айтады. Жалғызбасты ана оқиға орнына жақын жерде жұмыс істеген екен. Қазір бала-шағасы туыстарының үйін паналап жүр. Десе де автопарк жәбірленушілерге моральдық және материалды шығынын өтеп беріпті.

"Әпкем "Рахима Плазада" жұмыс істейтін. Сол кезде үйіне қайтып келе жатқан. Оның артында 5 баласы қалды. Оларға автопарк 5 миллион теңге әкеліп берді", - дейді Азиза Егізбаеваның туысы  Құралбек Егізбаев.

Ал сотталушының заңгері сараптама дұрыс жасалмаған деп отыр. Ол жол апатына автопарк кінәлі деп есептейді. Сол үшін де моральдық шығынды өздері өтеп беріп отырған болуы мүмкін дейді заңгер.

"Автобус күні бойы жүргенде тежегіштің "колодкалары" істемей қалуы мүмкін. Қызған салдарынан. Қазіргі таңда жәбірленушінің тарапы айтып отыр. "Автопарк басшысы бізге келіп кешірім сұрап, 5 миллион теңге берді. Әрқайсымызға. Бізден ешқандай шағым жоқ. Моральдық, материалдық өтем бәрі берілді" деп отыр. Егер автопарк кінәлі болмаса, 5 миллион не үшін береді?", - дейді сотталушының заңгері Бақытжан Сатыбалдиев.

Сотта айыпты ретінде 49 жастағы автобус жүргізушісі жауап беріп жатыр. Оған "Абайсызда екі немесе одан да көп адам өліміне алып келген жол-көлік апатын жасау" дерегі бойынша айып тағылды. Қадағалау органының мәліметінше, жүргізуші қоғамдық көлікті заңсыз орынға қойған. Салдарынан жантүршігерлік жағдай болған.

Жантүршігерлік жол апатынан жалғыз 18 жастағы Дариға Сейдалиева аман қалды. Алайда ол сот залына өзі келе алмаған. Орнына қыздың заңды өкілі қатысып жатыр. Оның айтуынша, қызға жауапты мекеме 2 миллион теңге беріп, медициналық шығындарын өтеп беруге уәде еткен.

Атышулы оқиға бойынша екінші сот отырысы 27 қыркүйекке белгіленген. Ол кезде 20 куәгердің сөзі тыңдалады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан