Министрдің де жеке деректерін тауып береді: Telegram-бот қазақстандықтар туралы ақпарат таратып жатыр

Министрдің де жеке деректерін тауып береді: Telegram-бот қазақстандықтар туралы ақпарат таратып жатыр
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Telegram мессенджерінде қазақстандықтар туралы жеке ақпарат беретін бот пайда болды. Онда адамның мекен жайы, телефон нөмірі, тіпті жұмыс орны көрсетіледі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілі осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ботта Үкімет мүшелерін, мысалы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин туралы деректі де "табуға" болады. Алайда шенеунік туралы көрсетілген деректер қаншалық сенімді екені белгісіз.

Бірнеше сұраудан кейін бот ақпаратты тегін беруді тоқтатып, ақылы қызмет ұсынады. Жазылу үшін Ресей рублімен төлеу қажет.

Министрліктің баспасөз қызметі өкілі осы ботқа қатысты пікір білдірді.

"Telegram-боттардың жұмысын алдын-ала талдау бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының дербес деректері Telegram, Facebook, WhatsApp, Одноклассники және т.б. сияқты онлайн-платформалардың түрлі сервистерінен жиналатынын хабарлаймыз. Сонымен қатар, Telegram-боттар Get Contact сервисінен басқа тұлғаларда жазылған ұялы байланыс нөмірлері бойынша мәліметтер алады", - деп түсіндірді министрлік өкілі.

Ведомство мәліметінше, Telegram-боттар тұрғылықты (тіркелген) мекен жай туралы ескі мәліметтерді көрсетеді. Сонымен қатар, кейбір мекен жайлар жалпыға қолжетімді жерлерде, тауарларды жеткізу қызметтерінде көрсетілген болуы мүмкін.

"Сарапшылардың пікірінше, Telegram-боттар 3 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр және бұрын жарияланған дерекқорлардан ақпарат жинайды", - деп нақтылады министрлік өкілі.

Министрлік бұл мәселе бойынша мән-жайды анықтау үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін мәлімдейміз. Қазір министрлік дербес деректер тарағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде шаралар қабылдап жатыр", - деп түсіндірді ведомство өкілі.

Тағы да оқи отырыңыз: Компьютерде ақпаратты өңдейтін құрылғы қалай аталады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова