"Адамдар 3-қабаттан секірген". Таразда мектептен өрт шықты

17 қыркүйекте түнде Тараздағы мектептердің бірінде өрт шықты. Бұл кезде ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны белгілі болды. Желіде жұмысшылардың үшінші қабаттың терезелерінен секіріп, аяқ-қолдары сынғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл ақпаратты Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері растады.

"17 қыркүйекте сағат 00:32-де Таразда Кенен Әзірбаев көшесі, 154 мекенжайы бойынша №44 орта мектептің үш қабатты ғимаратының үшінші қабатындағы кеңседе өрт шықты. 6 маусымнан бері мектептің бір блогында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Өрт 00:50-де оқшауланып, 00:52-де сөндірілді", - деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі өкілдері.

Түнде ғимаратта тек құрылысшылар болған.

"Оқиға салдарынан 5 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды: 1986, 2001, 2002, 2002 жылы туған әйелдер және 1997 жылы туған ер адам", - деп хабарлады ТЖД өкілдері. 

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінен жеке құрамның 34 адамы мен 9 техникасы шықты.

Желіде өрт болған жерден түсірілген видео тарады. YouTube желісінің Темурлан есімді қолданушысы өрттің салдарын көрсетті. Оның айтуынша, жұмысшылар өрттен құтылу үшін үшінші қабаттың терезелерінен секіріп кеткен. 

Төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі өкілдері видео авторының сөзін растамағанымен, оны жоққа шығарған жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!