Балағат сөздер ағзаға әсер ететіні рас па?

Қазнетте эпигенетик ғалымдар балағат сөздер ДНҚ-ға теріс әсер ететінін дәлелдегені туралы ақпарат тарады. Олардың сөзінше, балағат сөзді көп айтатындар мен оның бәрін еститіндердің гендері зақымдалады және оны түзету мүмкін емес екен. Мұның бәрі дәлелсіз және ғылымға қайшы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, балағат сөздер ДНҚ-ға әсер етуі мүмкін деген болжамды алғаш рет әйгілі ресейлік псевдоғалым Петр Гаряев айтқан. Оның пікірінше, ДНҚ - толқын, ал дыбыс- электромагниттік тербеліс, бұлардың бірі екіншісіне әсер етуі мүмкін екен. Гаряев ұсынған осы және басқа теориялардың эксперименттік дәлелі жоқ.

Ал биология ғылымдарының кандидаты, ғылыми журналист, жазушы және ғылымды насихаттаушы Александр Панчин ДНҚ-ны балағат сөздермен бұзу мүмкін емес екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл мүмкін болса, ғалымдарға ДНҚ-ны "кесу" сияқты күрделі әдістерді жасау және зерттеу қажет болмас еді.

Сонымен қатар, эпигенетика - қоршаған ортаның адам гендеріне әсерін зерттейтін нақты ғылым. Эпигенетика бір отбасындағы балалардың шаштары, дене бітімі және ауруларға бейімділігі неге әртүрлі болатынын түсіндіреді.

Эпигенетика адамдардың ДНҚ-сына балағат сөздердің әсерін мұқият зерттегені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Беделді ғылыми журналдарда бұл тақырыптағы еңбектер табылмады.

Демек, Қазнетте тараған балағат сөздер ДНҚ-ға теріс әсері ететіні туралы хабарлама псевдоғылыми және дәлелденбеген теория саналады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!