Қазақ тілін үйреніп жүр, көлігі - Kia, математика мұғалімі болған: жаңа министрлер туралы не белгілі?

Қазақ тілін үйреніп жүр, көлігі - Kia, математика мұғалімі болған: жаңа министрлер туралы не белгілі?
Фото: Ашық дереккөз

Биыл қыркүйекте Үкіметте біраз ауыс-түйіс болды. Кейбір облыс әкімдері министр лауазымына тағайындалды. Министрлер облыс басқаруға барды. Дегенмен алты министрлікке жаңа басшылар келді. Massaget.kz тілшісі олар туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

  • Бірнеше мамандықты игерген: Арман Шаққалиев туралы не белгілі?

Бұрын Сауда және интеграция министрлігін басқарған Серік Жұманғариннің орнына 46 жастағы Арман Шаққалиев келген болатын. Ол 1977 жылы Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетін заңгер мамандығы бойынша, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша, М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін "Стандарттау, сертификаттау және метрология" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын заң кеңесіші ретінде бастаған.

Ал 2007 жылдан бері "Нұр Отан" партиясына мүшелікке өткен. Шенеунік былтырғы қазаннан бастап сауда және интеграциясы бірінші вице-министрі қызметін атқарған болатын.

Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде Арман Шаққалиев есімді қолданушы бар екен. Facebook-те оған 1200 адам тіркелген.

Ал Instagram желісінде 513 оқырманы бар. 

Желідегі суреттерінің арасынан шенеуніктің шетелдегі демалыстарын да байқауға болады.

"Демалыс - демалу және жаңа ашылулар уақыты", - деп жазған ол.

Сонымен қатар, футбол ойындарының да көрермені екенін байқауға болады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Арман Шаккалиев (@armanshakkaliev)

Ашық дереккөз мәліметтерінде оның үйленген екені айтылады. Алайда басқа деректер жоқ.

  • Математика пәнінің мұғалімі болған: Светлана Жақыпова туралы не белгілі?

Бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың орнына жаңа министр болып 55 жастағы Светлана Жақыпова келген еді. 

parlam.kz

Ол 1968 жылы Қарағанды облысында туған. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысы Қарой орта мектебінің мұғалімі болып бастаған. Ал кейін 1991-1995 жылдары Целиноград қаласындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болған.

Биыл маусымнан бастап ол Президент жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқығы жөніндегі уәкіл болып тағайындалған еді. Алайда үш айдан соң бұл қызметтен кетіп, министр болды.

Әлеуметтік желіде оның атына тіркелген ешқандай парақша табылмады. Сондай-ақ, ашық дереккөзде отбасы туралы деректер жоқ.

  • Шығыстың тумасы: Ержан Сәденов туралы не белгілі?

Ішкі істер министрлігіне де жаңа басшы келген еді. Президент жарлығымен Марат Ахметжанов ішкі істер министрі лауазымынан босатылып, орнына 55 жастағы Ержан Сәденов келді. 

Полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген.

Ол 1993 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, 1998 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды жоғары мектебін тәмамдаған.

Қызмет жолын 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасы ауданаралық жедел іздестіру бөлімінің жедел уәкілі лауазымынан бастаған. Бір жылдары Елорда Полиция департаментін де басқарған. Ал былтырдан бері ішкі істер министрі орынбасары, биыл министр болып тағайындалған еді.

Әлеуметтік желілер ішінде Facebook-те тіркелген. 5 мыңға жуық оқырманы бар.

36 жастағы шенеунік: Марат Қарабаев туралы не белгілі?

Жаңадан құрылған Көлік министрлігінің басшысы болып 36 жастағы Марат Қарабаев тағайындалды. Ол ең жас шенеуніктер қатарында. Қарабаев 1987 жылы 4 шілдеде дүниеге келген.

gov.kz

Ташкент автомобиль-жол институтын бітірген. Ол - "Болашақ" бағдарламасының түлегі. 2010 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Уорвик (Ұлыбритания) университетін "Өндірісті-жүйелік инженерия" мамандығы бойынша үздік аяқтаған, 2015 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін "Экономика" мамандығы бойынша бітірген.

Марат Қарабаев биыл екі бірдей министрлікті басқарды. Алғашында ол индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болса, ал 2 қыркүйектен бастап көлік министрі болып тағайындалды.

Ашық дереккөзде оның үйленген екені, балалары бары айтылады. Әлеуметтік желідегі парақшалары табылмады.

Kia көлігі бар, Ресейден келген қандас: Қанат Шарлапаев туралы не белгілі?

Тағы бір жаңа министрлік - Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне басшы болып Қанат Шарлапаев тағайындалған еді.

Шарлапаев та жас министрлер қатарында. Ол 1981 жылы Ресей Федерациясында дүниеге келген. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін, Крэнфилд менеджмент мектебін (Ұлыбритания) бітірген. Негізгі мамандығы - экономист, қаржы және басқару магистрі.

baiterek.gov.kz

Шенеунік еңбек жолын да Ресейден бастаған. 2003 жылы Ресей Федерациясының Петрокоммерц банкінің клиенттерді басқару басқармасының менеджері болып бастаған. Ал жиырма жылдан кейін, яғни 2022 жылғы ақпаннан бастап "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарған болатын.

Ол сұхбаттарының бірінде Kia маркалы көлігі бар екенін айтқан еді. Сондай-ақ, қоғамда оның ресми түрде Ұлыбритания азаматтығын алғаны туралы ақпараттар жиі айтылды. Шенеунік бір сұхбатында былтырдан бері Қазақстан азаматтығы туралы құжаттар алғанын, бірақ оны жарияға жар салуды құп көрмейтінін айтты.

Tengrinews

Шарлапаев Ұлыбританияда бірнеше жыл бойы "Сити" инвестициялық банкінде қызмет еткен еді. Ал сұхбатында Қазақстанда тұрғысы келетінін, балалары Қазақстанда өскенін қалайтынын жеткізді.

Үкімет брифингі барысында журналистер Шарлапаевтан қазақ тілін қалай үйреніп жатқаны туралы да сұрады.

"Ана тілімді үйреніп жүрмін. Қазақ тілі сабағына аптасына 5 рет барамын. Мұғалім келеді, қазақ тілін үйренемін. Мен бөтен адам емеспін. Қазақстанға оралған қандаспын", - деген еді ол жауабында.

Астана әкімінің кеңесшісі болған: Ерлан Нысанбаев туралы не белгілі?

Экология министрлігінде де ауыс-түйіс болды. 33 жастағы Зүлфия Сүлейменова қызметінен кетіп, орнына 62 жастағы Ерлан Нысанбаев экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Шенеунік 2019 жылғы шілдеден бастап 2021 жылғы мамырға дейін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарған болатын.

primeminister.kz

Ол Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогигалық университетін тәмәмдаған. Негізгі мамандығы - орман шаруашылығы инженері, қаржы бакалавры.

Еңбек жолын 1983 жылы Алматы облысында ұйғыр орман шаруашылығының шебері болып бастаған. Ал министр болып тағайындалғанға дейін Астана қаласы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Айта кетейік, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі басшылары қызметінен кеткен еді.

Министрлер облыс әкімі, облыс әкімдері министр болды: Қазақстанда шенеунік тапшы ма?

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 5 жаңа министрлік құрылғаны хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Әл-Фараби неше трактат жазып қалдырды?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова